Тереңкөлде жастарды қолдау және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды

Облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко бастаған делегация ауданға жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара аясында жастар бастамаларын қолдау және аудан инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.
Делегация «ALDASPAN» жастар орталығының және «Жастар рухы» жастар қанатының қызметімен танысты. Кездесу барысында жастардың өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасау, қоғамдық өмірге белсенді араласу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылды.
Партия өкілдері жастардың әлеуметтік және экономикалық процестерге белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті.
Сапар барысында партия өкілдері «Бастау» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, ауданның таза сумен қамтамасыз етілуін жақсарту мәселелерін талқылады. Кәсіпорын қызметкерлерімен өткен кездесуде инфрақұрылымды жаңғырту, су сапасын арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту тақырыптары көтерілді.
Әсіресе, еңбекақыны көтеру және жас мамандарды тарту қажеттілігі ерекше назарға алынды. Партия басшылығы аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және жас мамандардың кәсіби дамуын қолдау бағытында жұмысты жалғастыратынын атап өтті.