Павлодар ауданында 82 жастағы ардагер ұстаз туған күнінде сайлау учаскесіне барды
Чернорецк ауылында тұратын Ноян Тәкібаев 82 жасқа толған туған күнінде мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, дауыс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнап, талай жыл жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген ардагер Чернорецк ауылындағы №379 сайлау учаскесіне келді. Аталған учаскеде 900-ге жуық сайлаушы тіркелген.
– Бүгін мен үшін ерекше күн – 82 жасқа толып отырмын. Ғұмырымды ұстаздыққа арнап, талай жыл жас ұрпаққа білім мен тәрбие бердім. Әр азамат осындай күні өз таңдауын жасауы керек деп есептеймін. Сондықтан туған күнімде сайлау учаскесіне келіп, дауысымды беруге шешім қабылдадым, – деді Ноян Тәкібаев.
Ардагер ұстаздың туған күнінде сайлауға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің үлгісі. Оның бұл қадамы кейінгі ұрпаққа да өнеге болары сөзсіз.
Айта кетейік, Павлодар ауданы бойынша сайлаушылардың жалпы саны – 16 989 адам.
Сайлау күні ауданда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Заря ауылында волейбол мен футболдан жарыстар өтіп, қатысушылар мен жанкүйерлер командаларға қолдау білдірді. Спорттық сайыстар ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, ауданда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілердің жаңа піскен нан-тоқаш өнімдері, киім-кешек пен қолөнер бұйымдары ұсынылды. Сауда қатарында Новоямышево ауылы кәсіпкерлерінің табиғи былғары мен жүннен жасаған аяқ киімдері де болды.
Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға жергілікті өнімдерді сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін көпшілікке танытуға жол ашты.
