Павлодар ауданында тұрмыстық жанжал пышақ жарақатымен аяқталды
Павлодар облысы Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының ауылдық елді мекендерінің бірінде бірге тұратын ер мен әйел арасында алкогольдік ішімдік ішу барысында жанжал туындаған. Сотта анықталғандай, ер адам жанжал кезінде әйелді балағаттаған.
Осыдан кейін ер адам аулаға шығып, біраз уақыттан соң қайта үйге кірген. Ал алкогольдік масаң күйде болған әйел асүй пышағын алып, дәлізде ер адамның іш тұсына бір рет соққы жасаған. Нәтижесінде жәбірленушінің өміріне қауіп төндіретін ауыр дене жарақаты келтірілген.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіні өлтіру ниеті болмағанын, ашуға беріліп, соққыны есептемегенін айтқан.
Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.