Павлодарда мектеп жанында жалаңаш жүрген ер адам іздестірілуде
Келеңсіз жайт 16 мектеп-лицейінің ауласында орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде шалбарын шешіп тұрған ер адам түсірілген бейнежазба дау туғызды. Куәгерлердің айтуынша, оның жанында бала болған, ол көзге көрінбей кеткен соң ер адам осындай ерсі қылыққа барған.
– Бұл оқиға Солтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Ер адам іздестірілуде, – дейді полиция департаментінде.
Әлеуметтік желі қолданушылары аталмыш бейнежазбаның астына «мектеп күзетшісі қайда?», «балалар үшін қорқып отырмын» деген пікір жазса, бірі «бұл психологиялық ауытқуы бар адам ғой» деген пікір білдіруде.
Еске сала кетейік, сәуір айында көшеде жалаңаш жүрген ер адам қамауға алынып, ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған болатын.
Дәл сондай оқиға Затон базарының жанында орын алған. 19 жастағы қыз психотропты заттың әсерімен балаға шабуыл жасаған болатын. Бұл заң бұзушы да жауапқа тартылды.