Павлодар облысы тұрғындарының 50 % астамы электронды медициналық қосымшаларды қолданады
Қосымшаға электрондық рецептілерді жазып беру жүйесі енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқұшева мәлім етті.
Конференция барысында басқарма басшысының орынбасары бүгінгі таңда өңірде 197 мыңнан астам адам мобильді қосымшаларды пайдаланатынын атап өтті. Сондай-ақ 7,5 мыңнан астам медицина қызметкері ақпараттық жүйелерде жұмыс істеуде.
– Соңғы үш айда 2 175 795 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 99,9% – электрондық форматта. Облыстың қалалық және аудандық деңгейдегі барлық медициналық ұйымдары интернет желісіне қосылған, 6 620 жұмыс орны компьютерлік техникамен жабдықталған. Айта кетерлік жайт, мобильді қосымшаларда электрондық рецептілерді жазып беру жүйесі енгізілді, – дейді Айгүл Мұқұшева.
Облыс бойынша Infomed Kazakhstan, Damumed, InFoDonor, «Надежда», «Көмек» мобильдік медициналық қосымшалары қызмет атқарады. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем станциясының барлық санитарлық көлігі GPS навигаторларымен жабдықталған.