Павлодар облысында алимент өндіру ісіндегі заңсыздық анықталды

Павлодар облысында алимент өндіру ісіндегі заңсыздық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сот шешімін уақытында орындамаған Әділет департаменті мен жеке сот орындаушысына ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, баласына алимент өндіре алмаған әйелдің шағымы бойынша сот орындаушыларының әрекеттері тексерілді.

Іс материалдарына сәйкес, 2012 жылы сот ер адамды 2009 жылы туған баласын асырау үшін табысының төрттен бір бөлігін алимент ретінде төлеуге міндеттеген. Сол жылдың шілдесінде мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді бастаған.

Алайда 2017 жылдың қаңтарына қарай алимент бойынша берешек 483 069 теңгеге жеткен. Кейін борышкер сот арқылы төлем мөлшерін табысының алтыдан бір бөлігіне дейін төмендеткен. Осы шешімнен кейін мемлекеттік сот орындаушысы алимент мөлшерінің өзгеруін негізге алып, 2017 жылдың маусымында атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан. Бірақ сол кезде өтелмеген берешек болған.

2022 жылы жеке сот орындаушысына алимент өндіру туралы жаңа атқарушылық құжат түскен. Ол 2019 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың қазанына дейінгі берешекті 1 247 605 теңге деп есептеген. Ал 2017 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезең үшін қарызды анықтаудан бас тартқан. Жеке сот орындаушысы мұны берешекті тек соңғы үш жылға есептеуге болатынымен түсіндірген.

Осыдан кейін баланың анасы сотқа жүгінген.

– Сот 2017 жылы мемлекеттік сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуы заңсыз болғанын анықтады. Тиісті қаулының күші жойылып, жеке сот орындаушысына 2017–2019 жылдар аралығындағы алимент берешегін есептеу міндеттелді. Бұл ретте мемлекеттік сот орындаушысының кінәсінен алимент алу мүмкіндігінен айырылған баланың құқықтары ескерілді, – деп хабарлады облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.

Сонымен қатар сот Әділет министрлігінің атына жеке ұйғарым шығарған. Алайда 2026 жылдың маусымында заңды күшіне енген сот шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған.

– Әділет департаменті де, жеке сот орындаушысы да сот шешімін уақытында орындау үшін тиісті шаралар қабылдамады. Осыған байланысты Әділет департаментіне 216 250 теңге, ал жеке сот орындаушысына 86 500 теңге мөлшерінде ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды, – делінген сот хабарламасында.

Жалпы сомасы 302 750 теңге мемлекет кірісіне төленді. Осыдан кейін сот шешімі орындалды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.