«Әділет» партиясының кандидаттары павлодарлық энергетиктермен кездесті

«Әділет» партиясының кандидаттары павлодарлық энергетиктермен кездесті

«Әділет» партиясының кандидаттары «Павлодарэнерго» және Павлодар ЭТК ұжымдарымен өңірді дамыту мәселелерін талқылады

Павлодар қаласында «Әділет» партиясынан Павлодар облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Ирина Назарчук пен Ербол Қаировтың «Павлодарэнерго» АҚ және «Павлодар электр тарату желілері компаниясы» АҚ (ЭТК) еңбек ұжымдарымен кездесуі өтті. Кездесуде Павлодар облысын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген нақты міндеттемелер талқыланды.

Бағдарламаны таныстыру барысында кандидаттар оның негізгі бағыттары өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағдарланғанын атап өтті. Әңгіме өнеркәсіптік әлеуетті дамытумен қатар, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау туралы болды.

Ербол Қаиров партияның нақты көрсеткіштер мен міндеттемелерге басымдық беретінін, ал олардың орындалу нәтижесін алдағы уақытта бағалауға мүмкіндік болатынын атап өтті. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламада Павлодар облысын дамытудың жекелеген бағыттары қамтылған. Ал онда белгіленген міндеттер депутаттардың алдағы жұмысына негіз болуға тиіс.

– Біз нақты көрсеткіштерді атаудан және алдымызға қойған міндеттерді ашық жариялаудан қорықпаймыз. Мәселен, бағдарламада 300 шақырым жаңа электр желісін салу міндеті көзделген. Бес жылдан кейін әрбір тұрғын: не істелді, сол желілер қайда деп сұрай алады. Біз өз міндеттемелеріміз үшін жауапкершілік алуға және оларды депутаттар мен атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз, – деп атап өтті Ербол Қаиров.

Кандидаттар сондай-ақ жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты электр энергиясына деген сұраныстың артып келе жатқанына назар аударды. Олардың пікірінше, дәстүрлі түрде электр энергиясымен жеткілікті қамтамасыз етілген өңірлердің өзі болашақта қосымша генерациялау қуаттарына мұқтаж болуы мүмкін. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту экономиканың тұрақты дамуының маңызды шарты болып қала береді.

Өз кезегінде Ирина Назарчук әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, сайлауалды бағдарлама аясында Павлодар қаласындағы бірінші қалалық аурухана құрылысының екінші кезеңін аяқтау, облыстық балалар ауруханасының корпустарын кезең-кезеңімен жаңғырту, Екібастұз қаласындағы психикалық денсаулық орталығын дамыту, сондай-ақ «Жасыл тоғай» ауданындағы оңалту орталығының құрылысын аяқтау қарастырылған.

Бұдан бөлек, сұранысқа ие мамандарды даярлау, медициналық ұйымдарды кадрлармен қамтамасыз ету және колледждердегі мемлекеттік білім беру тапсырысын кеңейту мәселелері талқыланды. Кездесуде атап өтілгендей, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жыл сайын жүздеген болашақ маман, оның ішінде құрылыс және электротехникалық бағыттар бойынша білім алады.

Сондай-ақ кездесуге қатысушылар энергетика кешенін дамыту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мәселелерін талқылады. Салада көпжылдық тәжірибесі бар, бұған дейін 16 жыл бойы «Павлодарэнергосбыт» компаниясын басқарған депутаттыққа кандидат Талғат Арғынов қолданыстағы қуаттарды жаңғырту мен энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Еңбек ұжымдарының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, 29 қарашада өтетін дауыс беруге қатысуға шақырылды.

Тапсырыс беруші: Дычко Н.В.

Павлодар облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.