Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі тарихи ең төменгі деңгейге жетті

Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі тарихи ең төменгі деңгейге жетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі әрбір алтыншы теңге көлеңкелі экономикаға тиесілі. Яғни ол ресми статистикалық есептерде толық көрсетілмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.

Ел билігі көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырып жатқанына қарамастан, оның экономикадағы үлесі әлі де айтарлықтай. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 15,7 пайызды құраған.

2025 жылы өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім көлемі 159,6 триллион теңгеден асқанын ескерсек, көлеңкелі экономиканың болжамды көлемі 25 триллион теңгеге жетуі мүмкін.

Өңірлер бойынша жағдай әртүрлі. Бұл аймақтар экономикасының құрылымындағы айырмашылықтарға байланысты. Өткен жылдың қорытындысында жалпы өңірлік өнімдегі бақыланбайтын экономиканың ең жоғары үлесі Түркістан облысында (27,8%), Жетісу облысында (26,1%) және Жамбыл облысында (25,7%) тіркелген. Жалпы, көлеңкелі экономиканың үлесі елдің оңтүстік өңірлерінде жоғары болып отыр.

Ал бақыланбайтын экономиканың үлесі ең төмен аймақтар қатарында Атырау (4,5%) және Ұлытау (5%) облыстары бар.

Соңғы он жылда бақыланбайтын сектордың үлесі 27,5 пайыздан 15,7 пайызға дейін төмендеп, шамамен 12 пайыздық тармаққа қысқарған. Осылайша, 2025 жылы бұл көрсеткіш тарихи ең төменгі деңгейге жетті.

Көпжылдық деректер көлеңкелі экономиканың үлесі бірден емес, біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл мемлекеттік саясаттың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын аңғартады.

Алдағы екі жылда билік экономиканы одан әрі ашық ету жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр. 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, сақтық болжам бойынша, бұл көрсеткіш 2026 жылдың соңына қарай 14,5 пайызға, ал 2028 жылы 13,8 пайызға дейін төмендеуі тиіс.