«Үрлітөбе» өткізу пунктінің өткізу қабілеті екі есеге артады
Асайын Байханов бүгінде жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан нысандағы жұмыстың барысымен танысып, қайтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін Успен ауданындағы «Қосақ» және Шарбақты ауданындағы «Шарбақты» автокөлік өткізу пункттеріндегі жұмыстармен танысқан аймақ басшысы бұл жолы Железин ауданындағы Қазақстан мен Ресей шекарасында орналасқан «Үрлітөбе» өткізу пунктін қайта жаңғырту барысын тексерді.

Шекара инфрақұрылымын жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.
– Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы еліміздің транзиттік әлеуетін тежеп отырған инфрақұрылымдық шектеулерді жойып, 2027 жылдың соңына дейін автокөлік өткізу пункттерін жаңартуды аяқтау міндетін қойды. Бұл – Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды мәселе. Шекара инфрақұрылымы халықаралық тасымал көлемінің артып келе жатқан сұранысына сай болып, жүктердің жылдам қозғалысын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан «Үрлітөбе» өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажет, – деп атап өтті Асайын Байханов.

«Үрлітөбе» өткізу пунктін қайта жаңғырту және жаңарту жобасы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында инфрақұрылымды жаңарту, заманауи жабдықтармен жарақтандыру, сондай-ақ шекаралық және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізу көзделген.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өткізу пунктінің өткізу қабілеті тәулігіне 500-ден кемінде 1 000 көлік құралына дейін, ал мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтар саны 1 000-нан 3 000 адамға дейін артады.

Бүгінде құрылыс алаңында 34 адам жұмыс істеуде және 9 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта аумақты жоспарлау және кірме жолдарды салу жұмыстары аяқталды. Негізгі нысандарда, атап айтқанда, ангар, жатақхана, гараж, мемлекеттік кірістер департаментінің, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау ғимараттарының іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілік ғимаратта бағаналар мен арқалықтарды монтаждау жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, инженерлік желілерді тарту жұмыстары жалғасуда.

«Үрлітөбе» өткізу пунктін жаңғырту оның өткізу қабілетін арттыруға, бақылау рәсімдерінен өту уақытын және тасымалдаушылардың логистикалық шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл халықаралық тасымал көлемін ұлғайтуға және сыртқы сауданы дамытуға қосымша жағдай жасайды.