Павлодарда көздің қасаң қабығын трансплантациялау оталары қолға алынды
Науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсетілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық ауруханасының офтальмологиялық орталығында көздің қасаң қабығын трансплантациялау, яғни кератопластика әдісі енгізілді. Жыл басынан бері бес адамға жоғары технологиялық ота жасалып, тағы 20-дан астам емделуші донор күтіп отыр.
Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың дәрігер-офтальмологі Анастасия Сүлейманованың айтуынша, кератопластика көру қабілетін қасаң қабықтың зақымдануы салдарынан жоғалтқан адамдарға жасалады. Хирургиялық араласу кезінде мөлдірлігін жоғалтқан тін донордан алынған сау қабықпен алмастырылады.
– Биыл қыс мезгілінен бастап бес адамға зақымданған тінді ауыстыру отасы жасалды. Қазір олардың барлығы амбулаториялық бақылауда. Жағдайлары жақсы, көру сапасының жақсарғанын айтып жүр. Асқыну белгілерін байқамадық, – деді Анастасия Сүлейманова.
Маманның сөзінше, мұндай емді жүргізу үшін ең алдымен донор қажет. Қасаң қабық қайтыс болған адамның донорлық тінінен алынады. Қыста бір донор болған. Ал көктем-жаз айларында шетелден мамандар шақырылып, шеберлік сабағы аясында кезекте тұрған павлодарлықтарға хирургиялық ем жүргізілген.
– Қазір орталықта трансплантацияны күтіп отырған 20-дан астам адам бар. Олардың кейбірі бес жылдан астам уақыт кезекте тұр. Пациенттердің басым бөлігінде қасаң қабықта ақшыл дақ, яғни бельмо пайда болып, бір көзінің көру қабілеті айтарлықтай төмендеген. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекке жатады. Көздің жағдайы мен зақымдану деңгейіне қарай емшара екі жарым сағатқа дейін созылуы мүмкін. Оған хирург, ассистент, операциялық медбике және анестезиологтер тобы қатысады, – деді дәрігер.
Емнен кейін пациенттер мамандардың тұрақты бақылауында болады. Кезекке тұру үшін офтальмологтің қабылдауына жазылып, тексеруден өту қажет. Алғашқы диагностикадан соң маман тиісті ұсыныстар береді. Медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетіледі.
Офтальмологиялық орталықта трансплантациядан бөлек, көру мүшелерінің ауруларын анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдері қолданылады. Атап айтқанда, катарактаға хирургиялық араласу, витреоретиналды хирургия, торлы қабықты лазермен нығайту және екіншілік катарактаны тазарту процедуралары жүргізіледі.
Биыл орталыққа қасаң қабықтың эндотелиалды жасушаларын санайтын арнайы микроскоп та сатып алынған. Оның көмегімен катарактаға жасалатын отаның салдарынан туындауы мүмкін асқынуларды алдын ала бағалауға болады. Сонымен қатар, лазерлік аппараттар жаңартылған.
Анастасия Сүлейманованың айтуынша, орталық жылына жеті мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткішке амбулаториялық қабылдау, стационарлық ем және хирургиялық араласулар кіреді. Мұнда Павлодар облысының тұрғындарымен қатар басқа өңірлерден, тіпті шетелден де пациенттер келеді.
Айта кетейік, көз ауруларының ішінде ең жиі кездесетіні – катаракта. Бұл көз бұршағының бұлыңғырлануынан туындап, көру қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Одан кейін глаукома мен торлы қабық аурулары жиі тіркеледі. Сондай-ақ тұрғындар конъюнктивит, халязион және қасаң қабыққа бөгде зат түсуі сияқты шағымдармен де мамандарға жиі жүгінеді.
Дәрігердің айтуынша, кейбір көз ауруларының жасарып келе жатқаны байқалады. Мәселен, жақында орталықта 32 жастағы адамға туа біткен емес катарактаға байланысты хирургиялық ем жүргізілген.
Мамандар көру қабілеті нашарлаған жағдайда өздігінен емделмей, уақытылы офтальмологке қаралуға кеңес береді. Өйткені, дертті ерте анықтау асқынудың алдын алып, жанарды сақтауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қасаң қабықты трансплантациялау операциялары елімізде негізінен Астана мен Алматы қалаларындағы республикалық ғылыми орталықтарда жүргізілген. Павлодар облысында мұндай жоғары технологиялық медициналық көмек алғаш рет облыстық аурухана деңгейінде көрсетілді. Донорлық тін қайтыс болған адамнан алынып, 24 сағат ішінде науқасқа қондырылады. Қасаң қабықтың трансплантациясы дәрі-дәрмекпен емделмейтін тұрақты бұлыңғырлану кезінде жасалады.