Павлодар облысында жеті жаңа автобус бағыты ашылады

Павлодар облысында жеті жаңа автобус бағыты ашылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде қоғамдық көлік қатынасын кеңейту және трамвай паркін жаңарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджеттің орындалуы және жолаушылар тасымалын дамыту мәселелері қаралды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңірде 142 тұрақты автобус бағыты жұмыс істейді. 345 елді мекеннің 299-ы немесе 87 пайызы көлік қатынасымен қамтылған. Бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

– Осы мақсатта жеті жаңа автобус бағытын ашу көзделген. Оның бірі облысаралық, үшеуі облысішілік және тағы үшеуі ауданішілік бағыттар болады. Олардың қатарында Павлодар – Курчатов, Галицкое – Павлодар, Галкино – Павлодар, Константиновка – Павлодар, Ж. Шанин – Баянауыл, Лесное – Железинка және Қараағаш – Ертіс бағыттары бар, – делінген хабарламада.

Өңірде қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Соңғы үш жылда автобус паркінің тозу деңгейі 50 пайыздан 22 пайызға дейін төмендеген. 2022 жылдан бері лизингтік бағдарлама арқылы 319 жаңа автобус сатып алынған.

Биыл Павлодар қаласы тағы 47 автобуспен толықты. Сондай-ақ 20 электробус сатып алынды. Ал 2027 жылы қосымша 30 электробус алу жоспарланып отыр.

Қоғамдық көлік қызметін қолдауға да қаржы бөлінген. Биыл әлеуметтік маңызы бар 117 бағытты субсидиялауға 16,1 миллиард теңге қарастырылған.

Павлодар мен Ақсу қалаларында тасымалдаушыларға бөлінетін субсидиялардың ашықтығын қамтамасыз ету және қозғалыс кестесін бақылау үшін «Бас-километр» жүйесі енгізілді.

Оқушылар жыл бойы қалалық қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ал Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында тұрғындардың жекелеген санаттарына жол жүру жеңілдіктері қарастырылған. Бұл мақсаттарға биыл бір миллиард теңге бөлінді.

Жиында Павлодардың трамвай жүйесін жаңғырту мәселесі де талқыланды. Қазір қалада 112 трамвай қатынайды, оның 40-ы жаңа вагондар.

– Биыл бірінші жартыжылдықта жергілікті бюджет есебінен энергия үнемдейтін 10 трамвай сатып алынды. Жыл қорытындысы бойынша трамвай паркінің тозу деңгейін 72 пайыздан 55 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. 2027 жылы қалған 55 трамвай вагонын қаржылық лизинг арқылы сатып алу көзделген, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жеткізілім толық аяқталғаннан кейін трамвай паркін түгел жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, «Достық» шағын ауданына дейін ұзындығы 4,8 шақырым болатын жаңа трамвай желісін салу жобасы қарастырылған. Оны 2027 жылы іске қосу көзделіп отыр.

Жиын барысында өңірдің экономикалық көрсеткіштері де айтылды. Биылғы он айда облыста қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,3 пайызды құрап, республикалық деңгейден жоғары болды.

Өнеркәсіп өндірісі 8,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 8,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 23,8 пайызға өсті. Өңір экономикасына 1,26 триллион теңге инвестиция тартылған.

Облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне экономикалық көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

– Басқарма басшылары мен аудан әкімдері өсімнің қандай жобалар, кәсіпорындар мен іс-шаралар есебінен қамтамасыз етіліп жатқанын, сондай-ақ жоспарлардың орындалмау қаупі қай бағыттарда қалыптасып отырғанын нақты білуі тиіс. Көрсеткіштердің ауытқу себептерімен күнделікті жұмыс жүргізіп, уақтылы түзету шараларын қабылдау қажет, – деді Асайын Байханов.

Бюджеттің орындалу мәселесі де назардан тыс қалмады. 1 қарашадағы жағдай бойынша кірістер жоспары 528 миллиард теңгені құраса, нақты түсім 413,2 миллиард теңгеге жеткен. Жоспар 78,3 пайызға орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістер 61,6 миллиард теңгеге артқан.

Ал облыстық бюджеттің 514,6 миллиард теңге көлеміндегі шығыстар жоспары бойынша 502,5 миллиард теңге игерілді. Орындалу деңгейі 97,6 пайызды құрады.

Қаржы жылының аяқталуына байланысты аймақ басшысы жауапты тұлғаларға басым бағыттарды айқындап, маңызы төмен жобаларды келесі жылға ауыстыруды тапсырды. Атқарылған жұмыс туралы ақпарат 21 қарашаға дейін экономика және қаржы басқармасына ұсынылуы тиіс.

– Ең алдымен жалақыны, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу қамтамасыз етілуі тиіс. Адамдар алдындағы міндеттемелердің кешіктірілуіне жол беруге болмайды, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында жолаушылар көлігі басқармасы мен аудан әкімдеріне жаңа бағыттарды ашу жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

– Ауылдық бағыттар бойынша тасымалдауды нақты ұйымдастыруға көшу қажет. Тасымалдаушыларды анықтап, субсидиялау мәселелерін шешіп, көліктің тұрақты қатынауын қамтамасыз ету керек. Қабылданған шешімдердің нәтижесін тұрғындар көлік қызметтерінің қолжетімділігінен сезінуі тиіс, – деді Асайын Байханов.

Осылайша, өңірде жаңа автобус бағыттарын ашу, қоғамдық көлік паркін жаңарту және ауыл тұрғындарының көлік қатынасына қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасады. Жауапты мекемелерге елді мекендерді тұрақты тасымалмен қамту деңгейін 90 пайызға жеткізу міндеті қойылды.