«Күресіп жүргендер үшін жүгіремін»: Павлодарда «Қызғылт қазан» акциясы өтті

«Күресіп жүргендер үшін жүгіремін»: Павлодарда «Қызғылт қазан» акциясы өтті
Фото: Ақмарал Есімханова

Орталық жағалауға 500-ге жуық адам жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қатысушылар сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерге қолдау білдіріп, ауруды ерте анықтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салу үшін жүгіруге шықты.

Олардың арасында спортшылар, түрлі мамандық иелері, мемлекеттік қызметшілер мен медицина қызметкерлері болды. Жүгіруге бас ғалым, онкогинеколог, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова да қатысты.

Онкология саласында 30 жылдық тәжірибесі бар профессор акцияға қатысушыларды қолдау үшін Павлодарға арнайы келді. Ол қазан айы бүкіл әлемде сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпараттандыру айы саналатынын еске салды. Бұл дерт әйелдер арасында кездесетін онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр.

– Қазақстанда да сүт безі қатерлі ісігі аурушаңдық бойынша бірінші орында. Былтыр 5 500-ден астам жаңа жағдай анықталды. Өкінішке қарай, аурудың жасарып бара жатқанын байқап отырмыз. Қазір 28-29 жастағы әйелдер арасында да сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандар кездеседі. Сондықтан осындай жүгіру шаралары арқылы ең алдымен әйелдердің өз денсаулығына назарын аударғымыз келеді. Жылына бір рет тексеруден өту керек. Қазақстанда скрининг тегін жүргізіледі: 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет маммографиядан өте алады. Сүт безі қатерлі ісігінің қауіптілігі – бастапқы кезеңдерде ешқандай белгі бермеуінде, – дейді Диляра Қайдарова.

Маманның айтуынша, әйелдер көбіне кеудесіндегі түйінді өздері байқағаннан кейін ғана дәрігерге жүгінеді. Алайда мұндай белгілердің пайда болуын күтудің қажеті жоқ.

– Егер әйел түйінді өзі сипап анықтаса, демек ол белгілі бір көлемге жеткен. Сондықтан оған дейін жеткізбеу керек. Диагностиканың мақсаты да осы – ісікті әлдеқайда ерте анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті дәрігер.

Диляра Қайдарова сүт безі қатерлі ісігінің тұқым қуалайтын түрлеріне де ерекше назар аударды. Егер анасы, әжесі, әпке-сіңлісі, тәтесі немесе басқа жақын туыстары осы дертке шалдыққан болса, әйел бұл туралы дәрігерге айтып, тексерулерге мұқият қарауы қажет.

– Сүт безі қатерлі ісігінің тұқым қуалайтын түрі бар. Әйелдер өз отбасындағы аурулар тарихын білуі керек. Тұқым қуалайтын және аурудың даму қаупін едәуір арттыратын BRCA1 және BRCA2 гендерінің мутациялары болады. Сондықтан отбасында қатерлі ісік жағдайлары кездессе, жас кезден бастап дәрігердің бақылауында болған маңызды. Белгілі мысалдардың бірі – актриса Анджелина Джоли. BRCA1 мутациясының тасымалдаушысы екенін білген соң, ол профилактикалық мастэктомия жасау туралы шешім қабылдады. Біздің әйелдеріміз де тұқым қуалайтын қауіп бар екенін білуі керек, – деді Диляра Қайдарова.

Сүт безі қатерлі ісігі Павлодар облысында да онкологиялық аурулар арасында бірінші орында тұр. Облыстық онкологиялық диспансердің директоры Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, осыдан жарты ғасыр бұрын бұл дерт онкологиялық аурулар құрылымында шамамен жетінші-сегізінші орында болған. Соңғы онжылдықтарда бірінші орынға шыққан.

– Павлодар облысында жыл сайын сүт безі қатерлі ісігі диагнозымен 300-ге жуық адамды есепке аламыз. Екінші орында – колоректалды қатерлі ісік. Жатыр мойны обыры бойынша да жағдай өзгеріп келеді. Бұрын ол сегізінші-тоғызыншы орында болса, қазір шамамен төртінші-бесінші орынға көтерілді. Сондықтан әйелдер арасында жиі кездесетін негізгі онкологиялық аурулардың қатарында сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісігі бар, – деді Мұрат Сүлейменов.

Дәрігер адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға мүмкіндік беретінін де еске салды.

– Австралияда АПВ-ға қарсы вакцинацияны шамамен 20-25 жыл бұрын бастады. Соның арқасында жатыр мойны қатерлі ісігімен сырқаттану көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Қазақстанда да вакцинация жүргізіліп жатыр. Бұл – алдағы уақытта өз нәтижесін беретін профилактикалық шара, – деді Мұрат Сүлейменов.

Старт алдында медицина қызметкерлері қатысушылармен бірге дене қыздыру жаттығуын өткізді. Одан кейін павлодарлықтар үш және бес шақырымдық қашықтыққа жүгірді. Бірі үшін бұл әдеттегі таңғы жаттығу болса, енді бірі онкологиялық аурумен бетпе-бет келген жақындары мен таныстарын қолдау үшін келді.

Павлодарлық Валентина 75 жаста. Ол құрбыларымен бірге үш шақырымды еңсеріп, әйелдерге өз денсаулығына мұқият қарау қажеттігін тағы бір мәрте еске салу үшін акцияға қатысқан.

– «Қызғылт қазан» – өте жақсы әрі қажетті жоба. Құрбыларыммен бірге сүт безі қатерлі ісігі мәселесіне назар аударту үшін үш шақырым жүріп өттік. Әр әйелге міндетті түрде диагностикадан өтіп, өз денсаулығына көңіл бөлу керектігін жеткізгіміз келеді. Ал егер ауру анықталса, ештеңеге қарамастан күресу керек. Өйткені біз отбасымызға, жақындарымызға және қоғамға қажетпіз, – дейді зейнеткер.

Қатысушылар арасында ер адамдар да болды. 36 жастағы Мехрожиддин Мирзоев спорттық таңды осы аурумен бетпе-бет келген павлодарлық әйелдерді қолдаумен ұштастыруды шешкен.

– Бұл жүгіру туралы білгенде, міндетті түрде қатысуға шешім қабылдадым. Мұндай ауру тек онымен бетпе-бет келген адамның ғана мәселесі болып қалмауы керек деп ойлаймын. Қай елден келгеніне, ұлтына қарамастан, әр адамға қолдау қажет. Мен 36 жастамын, денім сау, жүгіре аламын. Сондықтан бүгін денсаулығы үшін күресіп жүрген жандар үшін жүгіремін, – деді акцияға қатысушы.

«Қызғылт қазан» Павлодарда екінші рет өтіп отыр. Мәреге жеткен барлық қатысушыға футболкалар мен естелік медальдар табысталды. Ұйымдастырушылар акцияға қызығушылық артып келе жатқанын айтады: биыл стартқа 500-ге жуық адам шықты.

Соңғы мәлімет бойынша, Павлодар облысында «сүт безі қатерлі ісігі» диагнозымен 3 380 пациент диспансерлік есепте тұр. Биылғы сегіз айда тағы 243 жаңа жағдай анықталды.

Сүт безі қатерлі ісігі өңірдегі онкологиялық аурулар құрылымында әлі де бірінші орында. Дәрігерлер ауруды ерте анықтау емдеу мүмкіндігіне тікелей әсер ететінін еске салады. Сондықтан «Қызғылт қазанның» басты мақсаты – әйелдерге тұрақты тексеруден өтіп, өз денсаулығына мұқият қараудың маңызын жеткізу.