Павлодар облысында мұғалімдер мен дәрігерлер әскери қызметтен босатылады

Әскерге шақыруға дейін жұмыс орнынан анықтама өткізу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Павлодар облысында 1476 азамат мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады. Мыңға жуық жігіт отбасы жағдайына байланысты кейінге шегерім алған, ал 16 мың жас оқып жүр. Күзгі шақырылымда 665 азаматты әскерге алу жоспарлануда. Бұл туралы Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Бекзат Оразов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2023 жылдан бері Павлодар облысында әскери комиссариатқа көшеден немесе жұмыс орнынан әкету деген бірде-бір жағдай болмаған. Барлығына шақырту жіберіледі. Бұрын шақыртулар хат түрінде үйлерге жеткізілсе, қазір цифрландыру әскери салаға да әсер еткен.
– Біз байланыс операторларымен меморандумға қол қойдық. Әр адамның смартфонында SIM-карта бар, соған шақырту хабарламалары жіберіледі, – деді Бекзат Оразов.
Егер шақырылушы жұмыс істеп жүрсе, шақырту қағазы тікелей жұмыс орнына, басшысына жіберіледі.
Сондай-ақ, Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлерге өз саласында жұмыс істеп жүрген кезеңінде әскерден босату құқығы қарастырылған. Бұл жеңілдік қала және ауылдағы білім беру мен медицина саласының қызметкерлеріне бірдей қолданылады.
– Бұрын тек ауылдық мұғалімдер мен дәрігерлер ғана кадр тапшылығына байланысты әскерден босатылатын. Енді адам әскерге шақырылғанға дейін жұмыс орнынан анықтама әкелген жағдайда ғана кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Шақырудан кейін анықтама қабылданбайды, – деді Бекзат Оразов.
Анықтама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі арқылы тіркеліп, бұйрық нөмірімен рәсімделуі тиіс.
Еске сала кетейік, әскери қызметтен жалтарған жағдайда – төрт миллион теңгеге жуық айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.