Павлодар облысында 43 елді мекенді су басу қаупі бар
Бұл елді мекендерде халық саны 10 616 адам болатын 2031 тұрғын үй орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев мәлім етті.
– Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерін талдауға сүйене отырып, су басуы ықтимал 43 елді мекен бақылауға алынды. Оның ішінде 25 елді мекен еріген қар суынан, 16 елді мекен өзендердегі су деңгейінің көтерілуінен, екі елді мекен гидротехникалық құрылыстың зақымдану қаупі болған жағдайда су басуы мүмкін, –деді Жасұлан Жұмашев.
Спикердің сөзінше, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша 16 іс-шара көзделген. Бұл – өзендердің арналарын тереңдету, тазарту, түзету, кеңейту және ағындарын көшіру жұмыстары. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректері бойынша бүгінгі күні 771 мың 559 шаршы метрден астам қар шығарылған.
– Су тасқыны салдарын жоюға 1702 адам, 616 техника, 42 жүзу құралы және 201 мотопомпа жұмылдырылды, – деді сала маманы.
Айта кетейік, су тасқыны жағдайы асқынып кеткен жағдайда халықты эвакуациялаудың 43 пункті алдын ала дайындалды. Жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен 34 мың данадан астам қап, 9 мың 573 тонна инертті материал, 105 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды, тамақтандыруға 99 және жарылыс жұмыстарына 7 ниет-білдіру шарттары жасалды.