Павлодар облысында «Ауыл-ел бесігі»жобасы қалай іске асып жатыр

Павлодар облысында «Ауыл-ел бесігі»жобасы қалай іске асып жатыр
Фото: Константин Шелков

Биыл 26 ауыл жаңғырту бойынша жұмыстар жүруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің аппараттық жиналысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті. 

– Биыл «Ауыл-ел бесігі» бойынша 9,8 миллиард қаражатқа 85 жоба іске асып жатыр. Оның нәтижесінде облыста тоғыз спорт нысаны, бір ФАП, екі мәдениет үйі мен білім беру нысаны, төрт ТҮКШ жобасы салынатын болады, – деді Ирина Назарчук.

Алайда екі жоба бойынша тәуекелдер байқалады. Бұл Шарбақты ауданындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан екі ауыл–Жаңаауыл мен Хмельницкое.Ол жерлерде жұмыс кестесінен артта қалушылық бар.

«Ауыл-ел бесігі» жобасы бойынша бюджет қаражаты облыста тек 32% ғана игерілді. 

– Бюджеттің игерілуі бойынша ең төмен көрсеткіш Павлодар, Ақсу қаласы, Баянауыл, Тереңкөл ауданында байқалады. Қараша айына дейін 4,5 миллиард теңгені игеру жоспарда тұр. Егер уақытылы бюджетті игермесек, облыстық қаражатқа жүктеме артуы мүмкін, – деді спикер. 

Ирина Назарчуктың сөзінше, 2024 жылға 74 жоба қарастырып жатыр. Оның ішінде 16 ауылды жаңғырту жоспарда тұр. Оның лимиті 5 миллиард 700 мың теңгені құрайды.  Алайда кейбір жобалар лимиттен асып кету тәуекелі бар. 

– Мысалы Ақтоғай ауданында Жолболды ауылында мектептің күрделі жөнделуі жоспарда тұр. Оған қаражаттан 600 миллион теңге көзделуде. Сондай-ақ, Тереңкөл ауданында Калиновка ауылындағы мектептің күрделі жөндеуіне 490 миллион теңге қажет, – деді Ирина Назарчук. 

Асайын Байханов бұл мектептерге үлкен қаражат талап ететін себебі сұрады. 

– Жолболды ауылындағы мектептің жобасын екі жыл бұрын әзірлеген болатынбыз. Ол жерде кешенді түрде жөндеу жұмыстары қарастырылған еді. Жалпы мектептің сыйымдылығы 450 балаға арналған, ал ауылдағы бала саны -63, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Оспановна. 

Облыс әкімі аудан әкіміне бұл сұрақты шешу үшін ауылдағы бала санын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу керектігін атап өтті.  

– Бюджеттің қаражатын тиімді игеру керек. Егер әрбір ауылдық мектеп 600 миллионға жөнделсе, онда болашақта қиын болады. Қалаларда мектептер саны одан да көп, оларға да жөндеу керек. Осындай қарқынмен біз 20 жылдан кейін ғана бүкіл мектептерді жөндейтін боламыз, – деп атап өтті Асайын Байханов. – Бізде 356 мемлекеттік мектеп бар, оның жартысы күрделі жөндеуді талап етеді. 

Аймақ басшысы бұл сұрақты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қадағалауды тапсырды.