Павлодар облысында барлық саяси партиялардың бірыңғай қабылдау күнін өткізу ұсынылды
Достық үйінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың облыстың қалалары мен аудандары мәслихаттарының төрағаларымен кездесуі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жиын барысында облыс әкімі депутаттардың ашықтығы мен жариялылығының, халықпен кері байланыс орнатудың, әсіресе әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланудың маңыздылығы жайлы айтып өтті. Бастысы, еліміздегі оң өзгерістерді, мемлекет саясатындағы басым тараптарды халыққа жеткізуде үгіт-насихат жұмыстарына белсенді атсалысу қажет.
– Облыста 355 елді мекенде 380 білім беру мекемесі бар. Оның тең жартысынан көбі жөндеу жұмысын талап етеді. 328 ауылдың тең жартысының кіреберіс жолдары жөнделмеген. Облыс бойынша Железин, Баянауыл және Павлодар аудандарында үш апаттық мектеп бар. Бұдан бөлек, 26 ауыл ауыз сумен қамтылмаған. Біздің міндет – бұл жұмысты аудандар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, рет-ретімен шешу. Алдағы үш жылға жоспар әзірлеп жатырмыз. Кейбір жобалар облыстық бюджеттен қолдау табады. Бірінші кезектегі мәселелер – ауыз сумен қамту, ауылдардың кіре беріс жолдарын абаттандыру, жолдар салу, – деді Асайын Байханов.
Май ауданы мәслихатының төрағасы Мейрамбек Хызыр Кентүбек ауылынан алғаш рет депутат болып сайланған. Өзін-өзі ұсынған. 15 жыл аудандық «Шамшырақ» газетінде жұмыс істеген. Жұмыс жоспарын белгілеу үшін алдымен ауданды толық аралап шығып, ауыл тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр.
– Су жүргізілмей қалған шағын елді мекендер бар. Ол жерлерде халық саны аз. Бүгінде осы мәселені ауыл әкімімен келісе отырып, демеушілердің есебінен, азаматттардың қолдауымен шешуді көздеп отырмыз. Аудан орталығындағы 9 көшеге асфальт төселеді, бірақ қалып қоятын бір-екі көше бар. Тізбектей берсек, мәселе көп. Сайлауда көтерілген мәселелер бойынша жұмыс істейміз, – дейді ол.
Павлодар облысы мәслихатының төрағасы Илья Теренченконың айтуынша, мәслихаттармен кездесулер өткізіліп, аудандардағы негізгі мәселелердің тізімі жасалған. Алғашқы сапар Тереңкөл және Железин аудандарынан басталған.
– Барлық деңгейдегі депутаттардың басты міндеті – сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін орындау бойынша жұмысты ұйымдастыру, халықпен кездесу және барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты қамтамасыз ету, атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ-пен бірлесіп проблемаларды шешу, – деді Илья Теренченко.
Сондай-ақ ол аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде құрылған Оpen Space алаңында тұрақты негізде, кесте бойынша барлық саяси партиялардың депутаттары өкілдерінің азаматтарды қабылдау бірыңғай күнін ұйымдастыруды ұсынды.