Павлодар облысында ауыл мектептерін дамытуға басымдық берілді

Павлодар облысында ауыл мектептерін дамытуға басымдық берілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында өңірде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әубәкірова мәлімдеді. Оның айтуынша, «Қала-ауылға» өңірлік жобасы аясында мамандандырылған мектептер мен ауылдық білім беру ұйымдарының кәсіби ынтымақтастығы жолға қойылған. Жобаға 269 ауыл мектебі және 12 мамандандырылған білім ордасы қатысуда. Оның ішінде Павлодар қаласынан – сегіз, Ақсу қаласынан – бір, Екібастұз қаласынан – үш мектеп тартылған.

– Ауылдық білім ордаларының 60 пайызы шағын жинақталған мектептер болып саналады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен іске асырылып жатқан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында тірек мектептер жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында мектепалды даярлық кабинеттері, робототехника, мультимедиялық сыныптар және STEM-зертханалар бар, – деді Әлия Әубәкірова.

Сонымен бірге, «Ауылдық тірек және шағын жинақталған мектептерде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу» пилоттық жобасына сегіз мектеп қатысып отыр. Ал 2025 жылы іске қосылатын «Цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақталған ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасына тоғыз тірек және 34 магниттік мектеп қатысатыны жоспарланған.

Бүгінде облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 11 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Оның ішінде 49,7 пайызы қалалық, 50,3 пайызы ауылдық мектептерде жұмыс істейді.

– Шағын жинақталған мектептерде 4098 мұғалім сабақ береді. Олардың 83 пайызы жоғары білімді мамандар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі пайызға артты. Жаңа аттестаттау жүйесі арқылы 3909 педагог кәсіби санатқа ие болды, олардың 66,3 пайызы ауыл мұғалімдері, – деп толықтырды Әубәкірова.

Айта кетейік, облыстағы мектептерде барлығы 116 211 оқушы білім алуда: олардың 33 732-сі ауылдық, 82 479-ы қалалық білім ордаларында оқиды.