Ақтоғайда мектеп кабинетіне еңбек сіңірген журналистің есімі берілді
Білім күні Абай атындағы мектепте Жұмасейіт Бижанов атындағы кабинет ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Жұмасейіт Бижанов журналистикаға, білім мен ғылым саласына үлкен үлес қосты. Оның еңбектері жас ұрпақ үшін өзектілігін жоғалтпайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова.
Бижанов Жұмасейіт Қоғабайұлы 1940 жылғы 24 ақпанда Павлодар облысы Краснокутск ауданының Шұға ауылында туған. 1966 жылы Қарағанды педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Жаңаталап сегіз жылдық мектебінде мұғалім болған.
1978 жылы Алматы Жоғары партия мектебін тәмамдаған, Екібастұз АКӨБ бастығының орынбасары, Екібастұз қаласы атқару комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1979-1997 жылдары Павлодар облыстық телерадио компаниясының редакторы, бас редакторы, саяси шолушысы, бас продюсері, төрағаның орынбасары болған. Бар ғұмырын журналистика саласына арнаған.
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, көптеген марапаттардың иегері.
– Бүгін оқушылар мен педагогтар үшін ерекше мереке, – деп атап өтті Абай атындағы мектеп директоры Ханымгүл Солтаналинова. – Жұмасейіт Бижанов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуына туыстарын шақырдық. Бұл сыныпта ағылшын тілі оқытылады, сонымен қатар сыныптан тыс іс-шаралар өткізіледі.
Абай атындағы мектепте 350 оқушы білім алады, 60 оқушы шағын орталыққа барады.
Бұған дейін Ақтоғай ауданының мектептеріне тоғыз мектеп автобусы берілгені хабарланған болатын.