Павлодарда осыдан бес жыл бұрын қазақ сыныптарын ашқан орыс мектебінде жағдай қалай?
«Қазақ тілі қоғамы» мүшелері Шапық Шөкин атындағы гимназия- мектебіндегі қазақ сыныптарының қарқынын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2018 жылы орыс тіліндегі мектептерге қазақ сыныптарын қосуға бағытталған бұл жоба бүгінде өз нәтижесін беруде. Содан бері оқу үрдісін қазақ сыныбында бастаған алғашқы шәкірттердің алдыңғы легі 6-сыныпқа аяқ басқан.
Гимназия директоры Светлана Завальная бұл жобаны бастар кезде қиын болғанын айтады.
– Бұл мектеп – қаладағы ескі оқу орындарының бірі. Білім ордасына айналғалы 85 жыл болды. Бүгінде бір кездері бітіріп кеткен түлектердің немерелері, тіпті шөберелері мектеп табалдырығын басуда. Сондықтан тарихы терең мектеп деп айта аламын. Жобаны бастау барысында біраз қиындықтар орын алды. Себебі бұрынғы орыс тіліндегі мектеп болған соң көптеген ата-аналар сене қойған жоқ. Сондай-ақ, бұл ауданда мықты қазақ мектептері көп. Ал бүгінгі таңда қазақ сыныптары жақсы жетістіктерге жетуде, – дейді гимназия-мектебінің басшысы Светлана Завальная.
Шара барысында мектепке дейінгі дайындық сыныбының оқушылары қазақ тілін үйрену барысында қандай шаралар өткізілетіні жайлы айтып берді. Сондай-ақ, қазақи-заманауи ойын түрлерін көрсетті. Мәселен, қиып жасалған оюлар арқылы ән айту, асықтармен түрлі үстел ойындарын ойнауға болады. №8 сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері асық арқылы түрлі ойындар ойнады: асықпен омпы, асық футбол, қақпаға сал, асық лабиринт, пішіндер, қармақ, асық бәйгесі, ханталапай.
– Жақында бұл жобамыздың нәтижесі қалай деген сұрақ туындаған болатын. Сондықтан «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен облыстық білім басқармасымен ақылдаса келе, қоғам өкілдерінің басын қосып, жобаның нәтижесін байқауға жиналдық. Жиын барысында орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ сыныптарын ашу бойынша осы күнге дейінгі жүзеге асырылған жұмыстар, нәтижелері мен өзекті мәселелер жайында әңгіме өрбіттік. Сонымен қатар, алдағы уақытта одан әрі ілгерілету үшін түрлі ой-пікірлер тыңдалып, ұсыныс-тілектер ортаға салынды. Кешенді жұмыс жоспары талқыланды, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы Асыл Әбіш.
Айта кетейік, аталған білім ордасында 2297 оқушы білім алуда. Оның 94-і қазақ сыныбында оқиды.