Павлодар облысында балалар жазғы демалысты этноауыл лагерінде өткізеді
Демалыс кезінде 109 мың бала белсенді бос уақытпен және жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– 43 092 оқушыны қамтитын 304 мектеп жанындағы лагерь мен алаң, мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің базасында 56 184 оқушыны қамтитын 467 бейіндік лагерь мен отряд жұмысы істейді. Биыл бейінді лагерьлер желісі мен қызмет бағыттары ұлғайды, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина әкімдікте өткен аппарат кеңесінде.
Аққулы ауданында ата-аналар жұртшылығын барынша тарта отырып, бес киіз үй лагері мен үш шатырлы лагерь, Екібастұзда «Қайнар» ҰҚШ аумағында қала оқушылары баратын киіз үй этноауылы ұйымдастырылады.
Мемлекеттік лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 210 миллион теңге бөлінді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Жаздық жолдама 2024» әлеуметтік жобасы аясында ауылдық мектептердің 5-8-сынып оқушыларына оқу үздіктері, түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарынан 875 ауылдық балаға жолдама сертификаттарын табыс етті.
– Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған іс-шаралар циклі жоспарланған: Баянауыл ауданы Торайғыр ауылындағы «Дана мұрасы» экспедициялық отрядтарының слеті, Павлодарда «Жас дәурен» және «Балдәурен» орталықтарында «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» тақырыптық ауысымдары өтеді, – деді басқарма басшысы.
Жазғы кезеңде демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамтудың барлық түрлерімен 109 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарлануда, бұл 1-10-сынып оқушыларының жалпы санының 98,5% құрайды.
Абаттандыру және көгалдандыру отрядтарында бюджет қаражаты есебінен 2 469 жоғары сынып оқушысын, ал бюджеттен тыс қаражат есебінен 6 306 оқушыны қамту жоспарлануда.