Павлодар облысында ұжымдарға алаяқтарды анықтай білу әдістері түсіндіріледі

Павлодар облысында ұжымдарға алаяқтарды анықтай білу әдістері түсіндіріледі
Фото: Валерий Бугаев

Биыл қаржы пирамидаларын құру фактісі бойынша 58 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, қаржы пирамидаларын жою және олардың таралуының алдын алу шаралары қаралды.

Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Арман Жүнісов 2023 жылы қаржы мониторингі органдарымен қаржы пирамидаларын құру фактісі бойынша 58 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қаржы схемаларының түрлері мен салымшыларды тарту құралдары халықтың мүддесі үшін үнемі өзгеріп отырады. Қаржы пирамидаларының қоғамға өте қауіпті екенін ескере отырып, ВАК отырысында алдын алу шараларының кешенін бірлесіп қабылдау қаралды.

Сондай-ақ, ВАК-та алаяқтыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де талқыланды. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов алаяқтықтың жаңа схемалары мен оларға қарсы күрес әдістеріне баса назар аударып, азаматтардың өз жинақтарынан айырылған кездегі нақты мысалдарын келтірді. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, полицейлердің атқарған жұмыстарының нәтижесінде алаяқтар құрықталуда: 10 айдың ішінде өңірде алаяқтық фактілерінің тіркелуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға төмендеді, 232 факт бойынша 124 алаяқ ұсталды, келтірілген залал сомасы 545 млн теңгені құрады. 

Отырыс қорытындысы бойынша ақпарат және қоғамдық даму басқармасына алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және қаржы пирамидаларын құру, соның ішінде креативті тәсілдерді қолдану арқылы профилактикалық жұмыстарды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, алаяқтық схемаларға азаматтарды тартуды болдырмау үшін әр ведомствода алаяқтарды анықтай білу әдістерін түсіндіру бойынша ұжымдармен жиналыстар өткізіледі.