Павлодар облысында бес тұрғын заңсыз балық аулағаны үшін сотталды

Павлодар облысында бес тұрғын заңсыз балық аулағаны үшін сотталды

Тергеуді аудандық полиция бөлімінің тергеушілері жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  былтыр 21 қыркүйекте тәртіп сақшылары үш ер адамды ұстады. Май ауданының Жұмыскер ауылының дала аймағында, Қарасор көлінде 67, 49 және 42 жастағы қала тұрғындары екі орындық үрлемелі резеңке қайықты пайдаланып, Қытайда өндірілген желілерді орнату арқылы заңсыз балық аулаған. 

–  Олар жалпы салмағы 367 келі тартатын жеті қап  заңсыз балық аулап, мемлекетке 674 мың 473 теңге шығын келтірді, – деп хабарлады Май ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Болат   Смағұлов. – Полицейлер бірнеше күннен кейін 29 қыркүйекте Екібастұз қаласының 38 және 40 жастағы тұрғындарын қолға түсірді. Олар Қарасор көлінде  тиісті рұқсаты болмай, екі орындық үрлемелі резеңке қайықпен мөңке балықтарын заңсыз аулаған. Олар алдын ала сөз байласу арқылы жалпы салмағы 214 келі жеті қап балық заңсыз өндіріп, мемлекетке 393 мың 289 теңге сомасында залал келтірді. 

Қылмыстық істердің материалдары сотта қаралды.

Май аудандық сотының үкімімен бесеуі де Қазақстан Республикасы ҚК 335-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және үш жыл мерзімге балық аулау қызметімен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Бұдан басқа, сотталғандардың бірі жазаны өтеудің мерзімі ішінде жыл сайын 100 (жүз) сағат мерзімге жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда мәжбүрлі еңбекке  тарту туралы үкім  шығарды.

Сондай-ақ әрбір балықшыға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің мерзімінде пробациялық бақылау белгіленді және келесі  міндеттерді орындау жүктелді: сотталғандардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдарды хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жері мен жұмысын өзгертпеу, ішімдік ішумен байланысты дәмханалар мен мейрамханаларға, барларға, клубтарға, би кештеріне, ойын-сауық мекемелеріне баруғы тыйым салынады, уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатынсыз тұрғылықты жерінен кетпеуге және басқа жерлерге бармауға міндетті.

Бұдан басқа, жәбірленушілерден өтемақы қорына әрқайсысынан 20 АЕК мөлшерінде, 61 мың 260 теңге сомасында мәжбүрлеп төлем өндірілді.

Сотталушылар  мемлекет кірісіне іс бойынша мүліктік зиян мен іс жүргізу шығындарын өз еркімен өтеген.

Айта кетейік, полиция департаменті 2022 жылы балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндірудің алты фактісін жойды. Биылғы жылы тәртіп сақшылары бір фактінің жолын кесті.