Асайын Байханов: Ауылда сапалы қызмет көрсетпесе, тұрғындар қалаға кетеді
Облыс әкімі Тереңкөл ауданына жұмыс сапары барысында келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандар жаңғыртылатын Калиновка ауылына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Калиновка ауылында 2024 жылы бағдарлама бойынша мәдениет үйі, мектеп, медициналық пункт күрделі жөндеуден өтеді.
1970 жылы салынған ауылдағы медициналық пунктте бұған дейін күрделі жөндеу жасалмаған. 2024 жылы жөндеу жұмыстарына 77 млн теңге бөлу қарастырылған.
Медициналық пункттің қызметкерлері облыс әкімінен баспанамен қамтамасыз етуді сұрады.
Облыс әкімі Асайын Байханов ел президенті ауылдардың инфрақұрылымын дамытуды тапсырғанын, оның бір бағыты – медицина екенін атап өтті.
– Егер біз ауылда сапалы қызмет көрсетпесек, онда тұрғындар қалаға баратын болады. Қалаларда медицина саласында онсыз да жүктеме көп. Сондықтан бұл мәселені аудан басшылығы жақсылап ойластырсын. Ауылда сатылымда бірде-бір үй жоқ екен. Ескі ғимараттарды жөндейміз бе, ол қызметтік баспана бола ма осы жағын қарастырсын. Біз қаржылай көмектесуге дайынбыз, – деді Асайын Байханов.
Келесі жылы ауыл мектебі де күрделі жөндеуден өтіп, терезелері мен есіктері, едендері, электр желілері және басқа да құрылымдары ауыстырылмақ. Мектепті жөндеуге 399 млн теңге қарастырылған.
Ауыл мектебінде балалардың барлығы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оның бір бөлігіне бюжеттен, қалғанына жергілікті шаруа қожалықтарының есебінен қаржы бөлінеді.
– Мұндай кез келген ауылда кездеспейді. Кәсіпкерлер балалардың тамағына 3-4 миллион теңге бөледі. Осындай кәсіпкерлер бар болса, оларда жұмыс орны да бар деген сөз. Олар жұмыскерлері ешқайда көшіп кетпей, балалары осында оқығанын қалайды. Мұнда жұмыс жасайтындардың барлығына алғыс білдіремін, – деді Асайын Байханов.
Ал, ауылдағы мәдениет үйі соңғы рет 13 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. 2024 жылғы жөндеу жұмысына 93,4 млн теңге бөлу жоспарланған.
Фото: Константин Шелков