Шоқан Уәлихановты сомдаған павлодарлық актердің қолжазбалары паш етілді
Қасымхан Шаниннің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ кино өнерінің саңлағы» атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол көпқырлы дарын иесі еді: актер, режиссёр, сценарист, драматург және әнші ретінде танылды. Қасымхан Шанин небары 44 жасында өмірден озғанымен, артына бай рухани мұра қалдырып үлгерді.
Бүгінде Бұқар жырау музей қорында Қасымхан Шаниннің және оның туыстарының қолжазбалары, фотосуреттері, жеке құжаттары сақтаулы тұр.
Олардың ішінде пьесалар, сценарийлер, сахналық ескертпелер мен хаттар бар. Бұл материалдар – ХХ ғасыр ортасындағы қазақ театр өнерінің дамуын зерттеуде таптырмас дереккөз.


– Бұл құжаттарды музейге өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Қуандық Қалиев тапсырған. Құжаттар 2004 жылдың қыркүйек айында ресми түрде қабылданып, архивке тіркелген, – деді музей қызметкері Маржан Шайхимова.
Қасымхан Шанин өзінің актерлік өнерін Жетісай мен Шымкент театрларында шыңдады. Ол – қазақ киносының алғашқы кезеңдерінде де ерекше із қалдырған тұлғалардың бірі.
– Көптеген фильмдерде басты және қосалқы рөлдерде ойнаған жан. Оның ішінде: «Қараш-Қараш оқиғасы», «Алдар көсе» фильмінде – Қарабек байдың рөлі, «Ботагөз» фильмінде – Бүркітбай бейнесі. Сонымен қатар, Шәкен Айманов режиссёрлік еткен туындыларда да көрінді, – деді музей қызметкері.
Қасымхан Шаниннің сахнадағы ең жарқын рөлдерінің бірі – Шоқан Уәлиханов бейнесі. Бұл рөл үшін ол көптің ықыласына бөленіп, қазақ сахна өнерінің тарихи кейіпкерлерді сомдау дәстүрін жалғастырды.

Сондай-ақ, ол – бірнеше пьеса мен сценарийдің авторы. Соның бірі – төрт актіден тұратын «Сенім күшті» атты туынды. Бұл пьеса оның қолжазбасымен музей қорында сақталған.
Маржан Шайхимованың айтуынша, Қасымхан Шаниннің отбасында өнер дәстүрі үзілмеген. Оның жұбайы София, ұлы Болат, қыздары Жанат және Райхан мәдениетке жақын тұлғалар болып өсті. Қызы Райхан Шанина кеңінен танымал «Тақиялы періште» фильмінде «Әймен» рөлін сомдап, қазақ киносына өз ізін қалдырған жан.
Бұл – Шаниндер әулетінің өнер шырағы өшпегенінің айғағы. Бір ғасырдан аса уақыт бойы олардың есімі ұлттық сахна мен кино тарихында жалғасып келеді.
Бүгінгі күні Шаниндердің атымен байланысты естеліктер, фотосуреттер мен қолжазбалар музей қорында сақталып, келешек ұрпаққа өнеге болып отыр.
– Музей қорында сақталып тұрған ең құнды жәдігердің бірі – Жұмат Шаниннің жұбайы Жұмабике Шанинаның портреті. Бұл портретті кезінде оның әпкесі Мағзия музейге әкеліп тапсырған. Авторы белгісіз болғанымен, картинаның көркемдік және тарихи құны зор. Портрет Шаниндер әулетінің тағдыры мен ұлт өнеріне адал қызметтің нышанындай болып сақталып келеді, – деп бөлісті Маржан Шайхимова.
Бұқар жырау музейі келушілерді жұмыс күндері сағат 09:00 ден сағат 18:00-ге дейін күтеді.