Павлодар облысында «Мобильді фронт-офис» жобасы іске асырылуда

Павлодар облысында «Мобильді фронт-офис» жобасы іске асырылуда
Фото: Ұйымдастырушылардан

Бүгінде Баянауыл мен Аққулыда кәсіпкерлерге арналған көшпелі қабылдау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Мобильді фронт-офис» жобасы жүзеге асырылуда. 

– Жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлер мен ауылдық елді мекен тұрғындарын бизнесті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары, қаржыландыру құралдары және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктері туралы хабардар ету, - дейді ұйымдастырушылар.

Мобильді фронт-офис құрамына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Павлодар облыстық филиалының мамандары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері және Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қызметкерлері кіреді. Мұндай формат кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жан-жақты кеңес алып, қажетті ақпаратты «бір терезе» қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді.

Кездесулер барысында қатысушыларға жеңілдетілген несие, кепілдендіру, субсидиялау бағдарламалары, сондай-ақ қаржылай емес қолдау құралдары туралы толық ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өз бизнесін ашу, жобаларды іске асыру және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері бойынша жеке консультациялар ала алады.

Бүгінгі таңда көшпелі кездесулер Баянауыл және Аққулы аудандарында өткізілді. Іс-шаралар жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниетті тұрғындардың қызығушылығын тудырды.

Жыл соңына дейін мобильді фронт-офис Павлодар облысының барлық қала және аудандарын қамтиды. Көшпелі кездесулердің кестесі ұйымдастырушылардың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.

Жобаны іске асыру кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, бизнес өкілдерінің мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар болуын күшейтуге және өңірде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.