Екібастұзда анасына ауыр сөз айтқан ер адам қамалды
Қала тұрғыны анасынан ақша талап еткен, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 34 жастағы ер адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
– Ол сағат 22.50-де мас күйінде 64 жастағы анасына балағат сөздер айтып, ішімдікке ақша талап еткен. 34 жастағы ұлына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434 – бабы – «ұсақ бұзақылық» және ҚР ӘҚБК-нің 73-бабы – «отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер» бойынша әкімшілік материалдар толтырылды, – деп атап өтті Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Екібастұз қаласының әкімшілік соты материалдарды зерделеп, құқық бұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Басқа жағдайда Екібастұз қаласының тұрғыны жанжал шығарған қызына қатысты полицияға шағымданған, алайда ол қызына өтініш жаза алмаған. Қызы анасынан кешірім сұрады.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың үш айында ғана учаскелік инспекторлар отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 136 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Отбасылық жанжалқорларға қатысты 333 қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 26 тұрғын жауапкершілікке тартылды. 60 бұзушыға ерекше талаптар қойылды.