Павлодар облысында мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделмеген жетпіс нысан анықталды
Орындалмаған бұзушылықтардың салдарынан 2,5 миллион теңгеден астам 12 айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2023 жылы мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғау жөнінде заңнаманың сақталуына 70 тексеру жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова мәлім етті.
– Қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде тексерулердің нәтижесі бойынша берілген нұсқауларды орындамай, қайта бұзуышылық жасаған тұлғаларға 2,5 миллион теңгеден астам сомаға 12 айыппұл салынды,– деді ол.
Оның сөзінше, ағымдағы жылы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің қызметкерлері 14 тексеру жүргізді. Аққулы ауданының екі ауылдық округінде лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы 664 мың теңге сомасында айыппұл салынды.
– Тексеріс жүргізген кезде ғимараттарда пандустар орнатылмаған, дәретхана мүгедетктігі бар адамдар үшін арнайы жабдықталмаған және тағы басқа кемшіліктер анықталды,– деді Алмагүл Мұхамедова.
Айта кету керек, былтыр өңірде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 225 инфрақұрылым нысан бейімделді.