Павлодарда таэквондодан тартысты бәсеке өтеді

Павлодарда таэквондодан тартысты бәсеке өтеді
ЖИ иллюстрациясы

Жарыс Қазақстан Республикасы күніне орай ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген мықты спортшылардың басын қосады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

17 қазан күні Павлодарда таэквондо GTF бойынша қаланың ашық чемпионаты өтеді. Спорттық шара Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жарыс Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен өтеді.

Байрақты бәсекеде Павлодар облысының үздік спортшылары мен Қазақстанның өзге өңірлерінен шақырылған командалар бір алаңда бақ сынайды.

Қатысушылар техникалық шеберлігі мен физикалық дайындығын ғана емес, сонымен қатар, төзімділігін, мінезінің беріктігін, тәртібін және жеңіске деген жігерін көрсетеді. Чемпионат спортшыларға өз мүмкіндіктерін сынап, тәжірибе алмасуға және жарыс шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында жастар арасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттауға ерекше мән беріледі. Оның негізгі қағидаттары өскелең ұрпақтың жауапкершілігін, тәртібін, заң талаптары мен жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын құрметтеуін қалыптастыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар салауатты өмір салтын насихаттауға, спорт мәдениетін дамытуға және жастарды адал бәсеке мен өзара құрмет қағидаттары негізінде тәрбиелеуге ықпал етеді.

Чемпионат Республика күні қарсаңындағы маңызды спорттық шаралардың біріне айналып, қатысушылар мен көрермендерге тартысты әрі әсерлі жекпе-жектер сыйлайды деп күтілуде.