Май ауданының спортшысы «Азия жеңімпазы» атанды
Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында армрестлинг спорт түрінен Азия чемпионаты өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданы әкімдігінің мәліметінше, жарыста Азияның 30 мемлекетінің үздіктері өзара күш сынасты. Май ауданынан Қазақстанның намысын қорғауға екі ардагер спортшы қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
– 67 жастағы Шыған ауылының тұрғыны Тавис Шаябутдинов 70 келі салмақ дәрежесінде (60-69 жас арасында) Май елі тарихындағы армрестлинг спорт түрінен ең алғашқы «Азия жеңімпазы» атанды және Кеңтүбек ауылының спорт нұсқаушысы Руслан Валитов 100 келі салмақ дәрежесінде (40-49 жас арасында) Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері атанды, – дейді әкімдікте.
Спортшылардың жарысқа қатысуына «АМАNAT» партиясы Май аудандық филиалының атқарушы хатшысы Серік Солтанов, спорт ардагері, аудан спортына жанашыр азамат Ақылбек Адамжанов ұйытқы болған. «Ақшиман-Агро» ЖШС басшысы Бауыржан Өтепбергенов пен «Мойнақ-2015» ЖШС басшысы Мирлан Бекеев қаржылай көмек көрсетіп, демеушілік жасаған.
Енді спортшылар күзде өтетін Әлем біріншілігіне қатысады.