Павлодар облысының филармониясы жаңа концерттік маусымын ашады

Павлодар облысының филармониясы жаңа концерттік маусымын ашады
Фото: Константин Шелков

Өнер көрсету 22 қыркүйекте симфониялық оркестрдің концертінен бастау алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожановтың айтуынша, барлық ұжымдар демалыстан шығып, дайындыққа кірісті. 

– Бізде өте қарқынды жыл, көптеген концерттер бар. Ашылғаннан кейін біз баритон триосының джаз оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетуін жоспарлап отырмыз. Қараша айында күйші-домбырашы Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына арналған үлкен концерт жоспарланған, –  деді Амангелді Қожанов. – Рүстембек Омаров атындағы оркестріміздің республикалық байқауы мен гала-концертін де жоспарлап отырмыз. 

Алдағы уақытта қала тұрғындары Муслим Магомаевты еске алу концерттерін, италиялық музыканы тыңдайды. 

Айта кетейік, Павлодарға Астана мен Алматыдан әртістер келеді. Сондай-ақ, павлодарлық музыканттардың өз гастрольдері болады. Атап айтқанда, солистер, бишілер және қазақ халық аспаптар оркестрі көшпенділер ойындарында өз таланттарын көрсетеді.