Павлодар облысында жатаған укекіремен залалданған алқап көлемі артқан

Павлодар облысында жатаған укекіремен залалданған алқап көлемі артқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде әсіресе үш ауданда зиянды арамшөптер кең таралған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мәліметі бойынша, 2024 жылы облысымызда жатаған укекіремен залалданған алқап көлемі 64,4 мың гектарды құрап отыр. Мұндай карантиндік арамшөптің салдарынан Ертіс ауданында – 21,6 мың гектар, Тереңкөлде – сегіз мың гектарға жуық, ал Шарбақтыда 7,4 мың гектар алқап зардап шеккен.

Ағымдағы жылы жатаған укекіреге қарсы 733,1 гектар жер химиялық өңдеуден өтуі тиіс. Оның ішінде 416,1 гектар – мемлекеттік қордағы,  313,2 гектар – ауыл шаруашылығы, 3,7 гектар – басқа да алқаптар. Жеке және заңды тұлғаларға жатаған укекіреге қарсы агротехникалық және химиялық іс-шараларды уақтылы өткізу туралы 114 хабарлама берілді, – деді  ҚР АШМ АӨК МИК Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүйкенов

Баяндамашының сөзінше, агротехникалық және химиялық өңдеулерді жүргізу туралы 65 ұйғарым берілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік қорлардың 333 гектар жері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 84,7 гектар жері өңделді. Жалпы өңделген аумақ 417,7 гектарды құрайды.  

Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2019-2023 жылдар аралығында жатаған укекіремен залалданған аудан 54 мың гектардан 64,4 мың гектарға дейін, яғни 10,5 мың гектарға немесе 16%-ға ұлғайған. Химиялық өңдеу нәтижелері бойынша залал келтірілген ошақтар 1001 гектардан 733 гектарға дейін, яғни 268 гектарға немесе 26%-ға азайды, – дейді Арман Шүйкенов.

Айта кетейік,   жатаған укекіре – ел аумағында таралған, ең зиянды және жою қиын арамшөптердің бірі. Егістіктерді бітеп тастайды, барлық дақылдардың шығымдылығын және жайылымдардың өнімділігін күрт төмендетеді, жемшөп сапасын нашарлатады.