51 балаға 750 млн теңгенің мектебі: Павлодар облысының әкімі депутат сауалына жауап берді
Бүгін VIII сайланған Павлодар облыстық мәслихатының II кезектен тыс сессиясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Сессияда 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізіліп, нақтыланды.
Нақтылау бойынша бюджеттен әлеуметтік салаға 15 пайызы жұмсалатыны оның ішінде білім саласына 4,8 млрд теңге көзделгені айтылды. Бұған облыстағы апаттық жағдайда тұрған 3 мектептің орнына жаңа мектеп құрылысын сатып алу кіреді.
Облыстық мәслихат депутаты Фуат Сатыбаев Железин ауданы Моисеевка ауылындағы құны 750 млн теңге тұратын жаңа мектеп құрылысын сатып алуға қатысты сауал қойды.
– Білім басқармасының ақпаратынша, ауылда 293 адам тұрады. Мектепте 50 оқушы бар. Бұл жерде бюджеттік қаржының мақсатты және тиімді жұмсалуына қатысты сұрақ туындайды. Бұл – кішкентай, тірек емес, халық саны аз, әрі аудан орталығынан небәрі 13 шақырымдағы ауыл. Облыста тағы екі ауылда осындай мектеп салынуда. Бұл құрылыстардың жобалық-сметалық құжатын кім дайындады және бұл баға тым қымбат емес пе деген сұрақ туындайды, – деді Фуат Сатыбаев.
Сессияға қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов бұл сауалға жауап берді. Аймақ басшысының айтуынша, облыста 3 апаттық жағдайдағы мектеп бар және оны растайтын сараптамалық қорытынды бар. Бұл Сычевка (Павлодар ауданы), Қаражар (Баянауыл ауданы) және Моисеевка (Железин ауданы) ауылдарының мектептері.
– Мен бұл мектептерге өз басым барып шықтым. Төбелер ажырап кеткен, бөренелермен тірелген. Моисеевкада 51 бала оқитынына қарамастан, ауылдың болашағы бар. Онда ауыл шаруашылығы дамуда. Ауылдың халық саны азайып жатқан жоқ. Оңтайландыруға жататын ауыл емес. Оның аудан орталығынан 11 немесе 13 шақырымда орналасқаны біздің балаларымыз күн сайын аудан орталығына автобуспен қарқынды қозғалысы бар республикалық жол арқылы тасымалдануы керек дегенді білдірмейді. Ол балалар үшін де қауіпсіз емес, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі онда оқитын балалар жаңа мектепте оқуға толық құқылы екенін атап өтті. Оған қоса, мектеп бағасы мен дайын ғимаратты сатып алу туралы да айтты.
– Ғимараттың бағасына келетін болсақ, бағасын ешкім ойлап таппайды. Баға құжаттама арқылы шығады, ол мемлекеттік сараптамадан өтеді. Заңмен дайын нысандарды сатып алуға болады. Бұл тәжірибе облысымызда қолданылып келеді, әрі қарай да қолданылады. Егер біз мемлекеттік қаржы арқылы конкурс жарияласақ, жауапты мердігер келеді дегенге кепіл жоқ. Ондай жағдайды көріп жүрміз, – деді Асайын Байханов.
Сонымен қатар, облыс әкімі мектептерді 50 млн теңгеге жабдықтауға қатысты ERG компаниясымен меморандум бар екенін және ол ақпарат жеке парақшасында ашық жарияланғанын атап өтті.
Айта кетейік, облыстық бюджетке жеке табыстан, үнемделген қаржыдан, мемлекеттік құнды қағаздар шығарудан түскен қаржыдан 18,4 млрд теңге, республикалық бюджеттен 30,9 млрд теңге қосылып, жалпы бюджет 433,8 млрд теңгені құрады.
Фото: Константин Шелков