Павлодар облысында қатерлі ісіктен өлім-жітім азайды
Тиісті шаралардың нәтижесінде өңірдегі өлім көрсеткіші 8,3% пайызға азайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның ішінде қатерлі ісіктен өлім-жітім көрсеткішін 2,6% пайызға төмендетуге мүмкіндік туындады.
Облыстың денсаулық сақтау жүйесі инвестициялар бойынша екінші орынды алады. Өңірде 315 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде: 23-і – аурухана, 32-сі – емхана.
– Денсаулық сақтау саласына шамамен 111 млрд теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 21 млрд және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорынан 90 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бұл салада 7,581 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 2091 білікті дәрігер 560 мың теңге көлемінде орташа жалақы алады, – деп жазды Асайын Байханов Instagram парақшасында.
Өткен жылы облыста 127 мыңнан астам пациент тәуліктік стационарда, 74 мың тұрғын күндізгі стационарда емделді. Медициналық жабдықты жаңартуға 4,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
400 түрлі жабдық, яғни компьютерлік томографтар, рентгенографиялық және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары сатып алынды. Сондай-ақ, 2 млрд теңгеден астам қаражат 20 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге салынды.
Павлодар ауданының Набережное және Ақсу қаласының Пограничник ауылдарында екі жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ Екібастұз қаласының Әлкей Марғұлан атындағы ауылында бір медициналық пункт салынды. Алдағы екі жылда 15 мың ауыл тұрғыны үшін тағы 30 жаңа медициналық нысан салу жоспарланған.
Биылғы жылы №1 Павлодар қалалық ауруханасын ауқымды жаңартуын аяқтаған соң, өңірдегі алғашқы гибридті операциялық залды ашуды жоспарланған. Ауруханаларды жөндеуге және жаңартуға 5,5 млрд теңге жұмсалды. Өткен жылы санитарлық 37 көлік жаңартылды. Алдағы екі жылда тағы 100 көлік сатып алып, ауылдарындағы санитарлық көлікті толығымен жаңарту жоспарланған.
Денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі мамандардың біліктілігін үнемі арттыру болып табылады. Өткен жылы 9 кардиолог пен 3 хирург шетелде қосымша білім алды.