Павлодар облысында үйлерге 400-ге жуық улы газ датчигі орнатылды
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында құтқарушылар жеке тұрғын үйлерді аралап, жылыту маусымына дайындығын тексеріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, профилактикалық рейдтерге құтқарушылармен бірге жергілікті атқарушы органдардың, полиция мен еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Мамандар электр сымдарының, пештер мен мұржалардың жағдайын тексереді. Сондай-ақ пеш алдындағы металл төсемдердің, жылыту құрылғыларының, түтін және улы газ датчиктерінің болуына назар аударады.
Бүгінге дейін 11 715-тен астам үй араланып, 26 815-тен астам тұрғын қамтылды. Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға ерекше назар аударылып отыр.

– ТЖД есебінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын 1105 тұрғын үй бар. Жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, олардың үйлеріне 396 улы газ датчигі орнатылды, – деді Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Әмрин.
Кезекті рейд барысында әлеуметтік осал отбасылардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың үйлеріне тағы он улы газ датчигі орнатылды. Сонымен қатар пештер тазартылып, пеш алдына металл төсемдер қойылды.

Ведомствода атап өткендей, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында өңірдегі өрттердің негізгі себептерінің бірі электр жабдықтарын орнату және пайдалану талаптарын бұзу болды – осындай 35 жағдай тіркелген. Пештерді орнату және пайдалану ережелерін бұзудан 25 өрт шыққан.
Жеке сектордағы профилактикалық рейдтер жылыту маусымында өрт пен улы газдан уланудың алдын алу мақсатында жалғасады.