Май ауданында оннан аса шаруа қожалығына жабылып қалу қаупі төніп тұр

Май ауданында оннан аса шаруа қожалығына жабылып қалу қаупі төніп тұр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар жердің жалға алу мерзімін ұзарта алмай отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

–   Қожалықтар жердің жалға беру мерзімін ұзартуға шағымданған. Алайда заң бойынша ауылдық елді мекенге жататын жер болған соң оны ұзарту мүмкіндігі болған жоқ, – деді Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, мәселені шешуге аудан бюджетінен 18 миллион теңге қаражат бөлінген.

–  Қожалықтар малын тапсырып, жабылып қалмайды. Бұл мәселенің шешімін іздестіріп жатырмыз, – деді аудан әкімі.

Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 729 бірлікті құрады, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 692 (94,9%). Жұмыс істеп тұрғандарының өсу қарқыны – 98,6%. Шаруа қожалықтарының 0,6%-ға (324 бірлік) өсуі, жеке кәсіпкерлердің 4,5%-ға (319 бірлік) азаюы байқалады.

Айта кетерлігі, жыл басынан аудан экономикасына 20 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, экономиканың басым бөлігі ауыл шаруашылығының өнім көлемі 22 миллиард теңге құрап, барлық ауыл шаруашылық мал басы өскен. Облыстың шаруашылық саласындағы жыл қорытындылары бойынша Май ауданы ауыл шаруашылығының үздігі атағын алды.