Павлодар облысының әкімі: Биыл біздің өңір үшін сәтті жыл болды

Павлодар облысының әкімі: Биыл біздің өңір үшін сәтті жыл болды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Облыс экономикасына 950 миллиард теңге инвестиция тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Достық үйінде» облыс әкімі Асайын Байханов облыстық қоғамдық кеңестің алдында баяндама жасады.

Асайын Байханов Нұрлан Нәбиевтің төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының жұмысының аяқталуын атап өтіп, бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғысын білдірді.

–      Азаматтардың толғандырған мәселелерін шешу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды, қоғамдық кеңес мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы буын болды, – деді облыс әкімі.

Отырыста аймақ басшысы жұмыстарды қорытындылап, келесі жылға арналған жоспарларды баяндады.

–       Биылғы жылдың қаншалықты қиын болғанына қарамастан, біздің өңір үшін сәтті жыл болды. Павлодар облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы үздік өңірлердің қатарына кірді. Облыс экономикасына 950 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен +36% жоғары. Оның ішінде 88% – жеке компаниялардың инвестициялары. Бұл өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқандығын білдіреді, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Әкімнің айтуынша, өңірдегі барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалды. Өңір жұмыссыздықтың салыстырмалы төмен деңгейін, яғни, 4,7% аспайтын көрсеткішін ұстап тұра алды. Бұған 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының құрылуы ықпал етті.

Инженерлік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылды. 30 км астам жылумен жабдықтау желілері, 28 км жуық сумен жабдықтау және су бұру желілері қайта жаңартылды, төрт жылу магистралі салынды. Бұл апаттар қаупін азайтуға мүмкіндік берді, алайда  желілерді жаңарту бойынша әлі де бірталай жұмыстар жүргізу қажет.

Облыс әкімі өңір тұрғындарымен кездесулерден кейін азаматтардың көптеген өтініштері ескерілгенін атап өтті. Биылғы жылы 35 миллиард теңгеге 641 км жол мен көше жөнделді, оның ішінде 44 ауылдың 122 км кірме жолдары жөнделді. Барлық кірме жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Облыс ауылдарын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99% құрады.

2024 жылы 11,5  миллиард теңгеге 73 әлеуметтік нысан қайта жаңартылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс аудандарында жыл соңына дейін 30 жаңа медициналық нысан ашылады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Павлодарда 1800 орындық екі жаңа мектеп салынуда.

Соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды, жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс орталығының трамвай жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 70 трамвайды жаңарту жоспарлануда.

Асайын Байханов 2025 жылы азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы басты бағытқа айналатынын атап өтті. Келесі жылдың бюджетінде бірқатар жаңа бастамалар қарастырылған.

Бұл – Успен, Ертіс, Көктөбе ауылдарында бассейндер құрылысының басталуы және Аққулы ауданының Тілектес ауылы мен Павлодар ауданының Бірлік ауылында екі жаңа мектептің құрылысы. Баянауыл туристік аймағын дамыту үшін Сабындыкөл көлінің жағалауы мен жағажайын жайластыру, Баянауыл ауылында визит-орталық пен бақылау алаңын салу ескерілді.

Отырыста өңір басшысы қоғамдық кеңес мүшелерін құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Өз кезегінде сараптамалық жұмыс топтарының мүшелері сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Павлодар облысының қоғамдық кеңесі облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.