Павлодар облысында балаларға қандай медициналық көмектер көрсетіледі?

Павлодар облысында балаларға қандай медициналық көмектер көрсетіледі?
ЖИ иллюстрациясы

Уақтында жасалған сапалы медициналық көмек балалардың дені сау болып өсуіне, білім алып, қабілетін дамытуына және болашаққа өз мүмкіндігін толық пайдалануға жағдай жасайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында балаларға мамандандырылған медициналық көмектің бірнеше түрі көрсетіледі. Оның ішінде жарақат алған балаларға хирургиялық көмек, ЛОР оталары және аппендэктомия кең таралған. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәлімдеуінше, балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің алғашқы үштігіне аппендэктомия, жарақат кезіндегі медициналық көмек және ЛОР-көмегі кіреді.

Павлодар облысында осы бағыттар бойынша жыл басынан бері 257 аппендэктомия, 785 жарақатқа байланысты медициналық көмек және 569 ЛОР отасы жасалған.

Жарақат кезіндегі көмекке жаралар мен күйіктерді хирургиялық өңдеу, сондай-ақ әртүрлі сынықтарды бекіту сияқты медициналық шаралар жатады.

Балаларға медициналық көмек тек шұғыл жағдайлармен шектелмейді. Медициналық сақтандыру жүйесі аясында күрделі және бірегей емдеу түрлері де қолжетімді. Олардың қатарында жүрек пен бауыр трансплантациясы, дің жасушаларын трансплантациялау, дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін эпилепсия кезінде кезбе жүйкені ынталандыру, электромагниттік есту аппаратын имплантациялау, сондай-ақ жүрек пен жүрек қабына жасалатын диагностикалық процедуралар бар.

2026 жылдың тоғыз айында еліміз бойынша осындай медициналық көмекке 3,3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Осы кезеңде Қазақстанда бір жүрек, үш бауыр трансплантациясы жасалып, 36 дің жасушасын трансплантациялау жүргізілген. Сонымен қатар, кезбе жүйкені ынталандыру бойынша 52 араласу және есту аппаратын имплантациялау арқылы емдеудің 254 жағдайы жүзеге асырылды.

Мұндай медициналық көмектің орташа құны 8 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін жетеді. Алайда медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бұл қызметтер балалар үшін қолжетімді.

Балалардың медициналық сақтандыру пакетіне жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек те кіреді. Жақ-бет аймағында туа біткен патологиялары бар балаларға ортодонтиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тіс-жақ аномалиялары бар 6-12 жастағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тіс-жақ бұзылыстарын түзетуге арналған алмалы-салмалы пластинкалар қолдану қарастырылған.

Жалпы, Қазақстанда балаларға медициналық көмек дүниеге келер алдындағы тексерулерден басталып, өмірінің алғашқы күндеріндегі бақылау, профилактика, диагностика, емдеу және оңалту шараларына дейін жалғасады. Бұл жұмысқа емханалар, перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары мен мамандандырылған клиникалардың дәрігерлері және медицина қызметкерлері қатысады.

Елімізде шамамен 7 миллион бала өсіп келеді. Сондықтан өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау – мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі.