Павлодарда 450 жаңа көше шамы орнатылды
Алайда жарық бағаналарының бір бөлігі әзірге электр желісіне қосылмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада жаяу жүргіншілер аумақтарын жарықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа шамдар Айманов, Торайғыров, Малайсары батыр, Сәтбаев, Майра көшелерінде және Назарбаев даңғылында орнатылуда.
Жоба аясында траншеялар қазылып, электр кабельдері тартылып, іргетастар дайындалуда. Одан кейін жарықтандыру бағаналары орнатылып, жарықдиодты шамдар монтаждалады. Ал электр желісіне қосу жұмыстары құрылыс кезеңдеріне сәйкес біртіндеп жүзеге асырылып жатыр.
– Жарықтандыру бағаналарын орнату мен шамдарды электр желісіне қосу – екі бөлек технологиялық кезең. Сондықтан барлық монтаж жұмыстары аяқталғанға дейін кейбір шамдар уақытша жанбауы мүмкін, – деп түсіндірді Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биыл қала аумағында барлығы 831 жарықтандыру бағанасын орнату көзделген. Бүгінгі таңда оның 450-і қойылған. Осылайша, жоспарланған жұмыстың 54 пайызы орындалды.