Павлодардағы Марғұлан университетінде Foundation факультеті ашылды
Дайындық тобына шеттен білім іздеп келген 30 қазақ баласы қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жылбаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар» қоры Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Болат Зауыт Атажұртқа білім іздеп келген жастармен кездесті.
- Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – шеттегі қандастарды елге тарту. Тәуелсіздік алған жылдардан бері шетелде тұрған көптеген қандастар тарихи отанына оралып, еліміздің дамуына, өркендеуіне зор үлес қосуда. Міне, сіздер Ертіс-Баян өңіріндегі ұстаздардың қара шаңырағы аталған Марғұлан университетінің табалдырығын аттап отырсыздар. Бұл сіздерге берілген жақсы мүмкіндік.Мұнда ежелден қалыптасқан жақсы дәстүрі бар. Мен де осы оқу ордасынан білім алып, үлкен жетістіктерге жеттім. Сіздер де сапалы білім алып, қоғамға өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, - деді Айзада Амангелдіқызы.
Университет басшысы Жанбол Жылбаев барша жастарды университет студенті атануымен құттықтап, алдағы жылы өздері қалаған оқу орнына, өздері таңдаған мамандыққа түсуге тілектестік білдірді.
- Марғұлан университетінде 4,5 мың студент, университетке қарасты М.Қанапиянов атындағы колледжде 900 бала оқиды. Міне, сіздерде солардың қатарына қосылдыңыздар. Енді алдағы тоғыз айдың ішінде жақсы дайындалып, кешенді тестілеуден жоғары ұпай жинауларыңызға барлық жағдай жасалады. Осы уақыт ішінде тек мамандық бойынша дайындалып қана қоймай, әртүрлі үйірмелерге қатысып, өздеріңізді жан-жақты дамытуларыңыз керек. Сонымен қатар, шет тілдерін үйренуге де уақыт бөлген жөн.Алдағы уақытта да жиі кездесіп, дайындық жағдайларыңызды біліп тұратын боламыз, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар» қоры Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Болат Зауыт шетелден келген қазақ жастарының уақытында тіркеуге тұруына және оқу визасын алуына қатысты құқықтық кеңестер берді.
- Марғұлан университетінде шетелден келген қазақтарды оқытатын дайындық бөлімі бүгін ғана пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жалғасып келе жатқан үрдіс. 1992 жылы 80 отбасын көшіріп келіп, қыркүйек айында 120 баланы осы оқу орнының дайындық тобына қабылдаған едік. Солардың көбі бүгінде білікті мұғалім болды, үлкен-үлкен ғалым болғандар да бар. Содан кейін 2018 жылы мемлекеттен 40 грант бөлініп, Ресей, Өзбекстан, Монғолия елдерінен студент әкелдік. Сол жылғы балалар өте белсенді болып,түрлі спорттық сайыстарда топ жарды. Биылғы тыңдаушылардан да сондай белсенділік күтеміз. Жалпы, шетел азаматтарына қойылған құқықтық тәртіп бар. Сол тәртіпті бұзбай, тек оқуға ғана көңіл бөледі деп сенеміз, - деді Болат Зауыт.
Дайындық тобына балаларды қабылдау және конкурстық іріктеу жұмыстарын Марғұлан университетінің қабылдау комиссиясы жүргізгенін атап өту керек. Комиссия хатшысы Гүлнәр Мұсанованың сөзінше, тыңдаушылардың 20-сы мемлекеттік грантпен қабылданған болса, 10 бала университеттің ішкі грантымен алынды. Дайындық курсына ағылшын тілінің мұғалімі Ерке Төлеген жетекшілік етеді.