Павлодарда әскери мектепке түсуге ниетті оқушылардан құжаттар қабылдау жүріп жатыр
2023-2024 оқу жылында білім алу үшін 7 және 10- сынып оқушылары емтихан тапсырып, бағын сынай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қабанбай батыр атындағы "Жас сарбаз" облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатының мәлімдеуінше, үміткерлер әскери мектепке тест тапсырып өте алады.
- Оқушылар математика және логика, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихынан тест тапсырады. Тіркеу мерзімі 1 ақпаннан басталды. Тіркелу 15 сәуірде аяқталады. Егер сіздің балаңыз болашақ мамандығын әскери іспен байланыстыруды жоспарласа, онда таңдау мүмкіндігі бар, - делінген хабарламада.
Әскери мектепке оқуға ниеттілерге қажетті құжаттар тізімі:
- үміткердің ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен өтініш (үлгі бойынша);
- ЖСН көрсетілген үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- оқу орнынан үміткердің электрондық мекенжайы көрсетілген, ұйымның мөрімен куәландырылған фотосуреті бар анықтама;
- үміткердің 3х4 көлеміндегі фотосуреті.
Барлық құжаттар PDF немесе JPEG форматында қабылданады.
Сонымен қатар, Qabyldau.darym.kz арқылы онлайн тіркелуге болады.