Павлодар облысында сәуірден бастап балабақшаға кезекке қою басталады

Павлодар облысында сәуірден бастап балабақшаға кезекке қою басталады

Ата-аналар балаларын екі ақпараттық жүйе арқылы кезекке қоя алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысының м.а. Жанат Асаинова мәлім етті. 

Оның сөзінше, мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру және кезекке қою жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызмет толығымен автоматтандырылған. 

– Сәуір айsнан бастап келесі оқу жылына кезекке тұру басталады. Ата-аналар қосымша арқылы ыңғайлы балабақшаны таңдай алады. Сайтта барлық бос орындар тізімі ұсынылады. Кезек келген уақытта Indigo24.kz сайтында берілген жолдамаларды алып, жазда медтексеруден өтеді. Тамыз айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауды бастаймыз, – деді Жанат Асаинова.

Қазіргі таңда Indigo24.kz электронды балабақша сайтына 7000 бала тіркелген. Оның ішінде 1-ден  3 жасқа дейінгі 5362 бала кезекте тұр. 

Естеріңізге салайық, облыс бойынша Павлодар қаласы мен Ақтоғай ауданы Indigo24.kz ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс істейді, қалған қалалар мен аудандар balabaqsha.snation ақпараттық жүйесі бойынша қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, 2027 жылға дейін 1300 орындық 6 мектепке дейінгі ұйымды пайдалануға беру жоспарланған.

Фото:lada.kz