Павлодарда қоғамдық көлік жүйесі жаңарады

20 тамыздан бастап жаңа маршруттар сынақ режимінде жүре бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімдігі жүргізген талдау қорытындысы бойынша, қаладағы 30 автобус бағытының екеуі – №5 және №6 – жабылады, ал 11 бағыттың қозғалыс сызбалары өзгереді, олар – №1, 1Э, 17, 21, 24, 31, 38, 40, 41, 44, 66 нөмірлі автобустар.
№1 және №1Э біріктіріледі, интервал 8 минутқа дейін қысқарады.
№21 бағыты №2 маршрутымен қайталанатын учаскелерден шығарылады,
№31 бағытының сызбасына қосымша көшелер енгізіледі.
№17 бағыты қысқартылып, подвоздық маршрут ретінде жұмыс істейді, №38, №40, №41, №44, №66 бағыттарында қозғалыс қашықтығы қысқарады, қалаға қатынау жылдамдайды.
№6 және №5 бағыттарында жүктеме төмен болғандықтан алынып тасталады. Жыл сайын №6 бағытта шамамен 39 мың транзакция тіркеледі.Күніне орта есеппен 105 транзакция. Ал табыс көлемі бұл бағытқа жұмсалатын шығындарды жаппайды. Сол сияқты, №5 автобус бағыты да шығынды болып табылады. Осылайша, шығындардың кірістен айтарлықтай артуы №5 және №6 бағыттарын тасымалдаушы үшін де, бюджет үшін де экономикалық тиімсіз етіп отыр.
№24, 38, 40, 41, 44 және 66 бағыттарының негізінде қала желілеріне ыңғайлы ауысып отыруды қамтамасыз ететін соңғы аялдамалары бар қосалқы бағыттарды ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл шалғайдағы ауылдар мен кенттерді қаланың негізгі нүктелерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.
– Мұндай өзгерістердің қажеттілігі қала көшелерімен қатынайтын көптеген қала маңындағы автобустардың жүктемесінің төмен болуымен байланысты. Жаңа сызба тасымалдаудың тиімділігін арттырып, ауылдық елді мекен тұрғындары үшін көлік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Павлодар қаласының әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
«Смарт Автобус ПВ» ЖШС компаниясының атқарушы директоры Талғат Тоқтағановтың сөзінше, жолаушылар екі автобус ауыстыратын болса екінші ауысу автобусқа тегін болады.
– Қала маңынан келген жолаушы бірінші автобусқа мінген кезде картасын немесе мобильді қосымшасын тіркейді, ал бір сағат ішінде екінші бағытқа ауысқанда ақы алынбайды. Бұл мүмкіндік тек транспорттық карта немесе «Автобус» мобильді қосымшасы арқылы төлем жасағанда қолжетімді, – деді Талғат Тоқтағанов.
Жолаушылар үшін тариф өзгермейді, ауысып міну кезінде қосымша ақы төленбейді, автобус паркі жаңартылады. Жүргізіліп жатқан оңтайландыру нәтижесінде жолаушылар бірқатар артықшылықтарға ие болады: жол жүру ақысы сақталады, бірыңғай тариф өзгеріссіз қалады және қымбаттамайды, қатынау бағыттарынан қалалық бағыттарға тегін ауысып міну қарастырылған, қозғалмалы құрамды жаңарту жалғасады, соның ішінде кіші санаттағы автобустар орта санаттағы автобустарға ауыстырылады, қатынау бағыттарындағы қозғалыс аралығының қысқаруы сапарларды анағұрлым қолайлы етеді.
Әкімдік өкілдері қозғалыс сызбаларын, бағыттардың жалпы қашықтығын, жолаушылар ағынын және кіріс-шығыс деректерін саралап, бірқатар бағыттардың экономикалық тиімсіз екенін анықтады. Сынақ кезеңі тамыз-қыркүйек айларында өтеді. Оның нәтижесінде барлық шағымдар мен ұсыныстар ескеріліп, түпкілікті шешім қабылданады. Ал жыл соңына дейін 15 үлкен және 13 орта класс автобус әкелінеді, қала және ауыл арасындағы қатынас жақсарады.
Жолаушылардың қолайлылығы және кері байланыс үшін WhatsApp-та (+7 775 157 8959) арнайы «жедел желі» жұмыс істейді, онда азаматтар өз сұрақтарын қойып, белгілі бір бағыттар бойынша кеңес ала алады.
Оңтайландырылатын бағыттардың ұсынылған сызбалары автобустардың өзінде және «Avtobys» қосымшасында қолжетімді болады.