Жауын-шашынды жаз Павлодар облысында жиын-терімге қалай әсер етпек

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 1,6 миллион гектардан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға дерлік артық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, егіс оңтайлы агротехникалық мерзімде ұйымдастырылған. Диқандар заманауи тұқым себу кешендерін қолданып, минералды тыңайтқыштар енгізді.
- Мамыр-маусым айларындағы ауа райы жағдайы жақсы өніп шығуына ықпал етті. Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 85 пайыздан астамы жақсы жағдайда, 15-і – қанағаттанарлық. Майлы дақылдар бойынша жағдай жақсы – егіннің 95 пайызы жақсы, бесеуі қанағаттанарлық. Биыл мамыр айының соңы мен маусым айының бірінші жартысындағы жауын-шашынның арқасында өткен жылмен салыстырғанда жақсы өнім күтілуде. Павлодар, Ертіс және Успен аудандарында жауын-шашынның орташа көпжылдық нормасы асып түсті, бұл дәнді дақылдар мен мал азығы дақылдарының жағдайына оң әсер етті, - деп хабарлайды басқарма өкілдері.
2025 жылы егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда: соя, рапс, зығыр және мал азықтық дақылдардың аудандары ұлғайтылды. Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында соя белсенді түрде өсіріледі. Биыл бұл дақылдардың егіс көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 6,2 процентке артты.
Биыл шаруалар 300-ден астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Жаңарту жалпы деңгейі шамамен 3,9% құрайды. Жаңа және ескі техника арақатынасы 1:3 құрайды. Ескірген тракторлар мен комбайндарды ауыстыру, сонымен қатар цифрлық шешімдерді: GPS, агроплатформаларды енгізуге басымдық берілуде.
Күні кеше облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыс басшысының орынбасары Әйгерім Қабылтаева картоп жинауды жоспарлап отырған рекордтық өнім туралы баяндады. Күзде облыста сегіз жүз мың тоннадан астам картоп қазу жоспарлануда.