Павлодарда Қуат Әбусейітовтің жүз жылдығы қалай тойланады?

Павлодарда Қуат Әбусейітовтің жүз жылдығы қалай тойланады?
Фото: Константин Шелков

15 қаңтар – Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығының тапсырылғанына 60 жыл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2005 жылға дейін «Космос» жастар үйі аталып келген орталық 2019 жылы Естай атындағы мәдениет сарайының халық шығармашылығын дамыту бөлімшесі болып өзгерген.

–  Орталық бөлімше болып өзгерсе де қазіргі уақытқа дейін халық аузында Қуат Әбусейітовтің атымен аталып келеді, – деп түсіндірді бөлімше меңгерушісі Алма Арынова.

Қуат Әшірбекұлы Әбусейітов — кинорежиссер, қазақ кино аудару өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 1925 жылы 6 желтоқсанда Баянауылда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Киноактерлер мектебінде оқи жүріп, Алматы көркем және хроникалық-деректі фильмдер студиясының киноаударма бөлімінде жұмыс істеді.Мәскеуде оқып жүргенде өзінің тұңғыш жұмысы – «Жас гвардия» фильмін қазақ тілінде шығарды. Содан бері 500-ден астам фильмді қазақша сөйлетті. 1990 жылы «Айтуар» атты деректі фильмдер түсіретін студия ашты. «Сыр сандық» атты естеліктер кітабы жарық көрген.

Қуат және Суат Әбусейітовтердің есімдерін Мәшһүр Жүсіп қойған

Қуат Әбусейітовтің қызы Меруерт Әбусейітова орталықтың әкесінің атында аталып қалуы үшін жұмыс істеуде. Оның айтуынша, әкесі және көкесі Суаттың есімдерін ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіп қойған.

– Әкем Баянауылда ғұлама өз шаңырағында інісі екеуінің атын Қуат және Суат деп қоясыңдар деп айтып отыратын, – деп еске алды Меруерт Әбусейітова.

Суат Әбусейітов әнші, Қазақстанның халық әртісі болған. Алматы консерваториясын бітірген (1949). 1949-55 жылдары «Қазақфильмде», 1955-63 жылдары қазақ ән-би ансамблінде, 1963 жылдан Қазақ телевизиясы мен радиосының эстрадалық оркестрінде әнші болды. Әншілік өнерде өз орындаушылық мәнерін танытқан. Оның орындауындағы «Екі жирен» немесе «Жеңеше» әндері ешбір әншіге ұқсамайтын баяу нақышымен есте қалған. 1957 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастары мен студенттері фестивалінің лауреаты атанған. «Құрмет белгісі» орденмен марапатталған.

Қос ансамбльдің мерейтойы аталып өтпек

Орталық кинотеатрға арналып салынған ғимаратта орналасқандықтан, көп бөлмелер қарастырылмаған. Алайда «Жасмин» үлгілі би ансамблі, «Сағым жылдар» әжелер ансамблі, «Сарыарқа» домбыра үйірмесі секілді бірталай үйірмелер жұмыс істейді. «Жасмин» үлгілі би ансамблі «Жас дарын» халықаралық фестиваліндежоғары санатты үш жүлделі орынға ие болған.

–  Бізде түрлі этнос өкілдерінен құрылған қызметкерлер бірге жұмыс істейді, әріптестерімізбен бір үйдің адамдарындай болып кеттік. Бірге тырысып, ізденіп, талай белестерді бағындырдық. Алдағы уақытта үйірмелердің мерейтойларын атап өтеміз, – дейді меңгеруші.

Биылғы жылы «Жасмин» үлгілі би ансамблінің 25 жылдығы, «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің 10 жылдығы аталып өтпек.

Ағайынды Әбусейітовтерге туған жерінде ескерткіш орнатылады

Кинорежиссердің жүз жылдығы қарсаңында жаз мезгілінде Баянауылда Қуат Әбусейітов пен інісі Суат Әбусейітовтің ескерткіштерін қою жоспарланып отыр. Мерейтойға орай нақтылы жоспар алдағы уақытта бекітіледі.