Атауы ғана өзгерді: Байханов мансап орталықтарының жұмысын сынға алды

Атауы ғана өзгерді: Байханов мансап орталықтарының жұмысын сынға алды

Аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Тұрғындар көтеретін әрбір сауалды жұмыстан кейін, демалыс күндері өзім қараймын. Бұл – халықтың үні. Олардың бірі – «механик» мамандығы бойынша бакалавриат бітірген жас маман ұзақ уақыт жұмыс таба алмай отырғанын жазған. Ал мансап орталығында техникалық білімі бар маманға колледже білім алуды немесе краншы болып жұмыс істеуді ұсынады. Мансап орталықтарының атауы ғана өзгерген, ал жұмыс істеу форматы сол қалпы қалып отыр, – деді Асайын  Байханов. 

Сондай-ақ облыс әкімі жылу-энергетика саласында 700 бос орын бар екенін,  Кеңес өкіметінен қалған бос орындар жәрмеңкесі нәтиже бермейтінін атап өтіп,  әр жағдаймен жеке  жұмыс істеуді тапсырды. 

–  Сіздердің әрқайсыларыңыздан өз учаскелеріңізде ауқымды жұмыс жүргізу талап етіледі. Адам капиталы мен жастарды кім дамытады? Мансап орталықтарының басшылары қайда қарайды? Заңгер, экономист емес, неліктен техникалық білімі бар  адам жұмыс таба алмайды?  Жастарды өңірде қалдырамыз десек, жағдай жасау керек, – деп аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Әлеуметтік кодексі» өз күшіне енді. Елімізде «Еңбек мобильділігі орталықтары» құрылып, халықты жұмыспен қамту мекемелері «Мансап орталықтары» филиалдары ретінде қызметін қайта бастады.

Еске сала кетейік, Павлодар ауылында балаларды тасымалдайтын автобус мәселесін дер кезінде шешпеген лауазымды тұлғаларға сөгіс жарияланды.