Павлодарда алаяқтардың айдауымен петарда жарған зейнеткерлер көздерінен күйік алды

Павлодарда алаяқтардың айдауымен петарда жарған зейнеткерлер көздерінен күйік алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі зейнеткер облыстық аурухананың көз жарақаттары бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы хабарлады.

1948 жылы туған ер адам мен 1951 жылы туған әйел алаяқтардың нұсқауымен банкаға салынған петарданы тұтатқан. Соның салдарынан екеуі де жарақат алып, шұғыл түрде Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың көз жарақаттары бөліміне жеткізілді.

Белгілі болғандай, бұған дейін зейнеткерлер жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, алаяқтардың құрбаны болған. Кейін қаскөйлер психологиялық қысым көрсету арқылы салған қаражаттарын толық қайтарып береміз деген желеумен егде жастағы тұрғындарды торт пен петарда сатып алуға көндірген.

Дәрігерлердің мәліметінше, әйелдің екі көзі жеңіл дәрежеде күйіп, денесінде жыртылған жаралар пайда болған. Сондай-ақ беті, мойны және екі қолы күйіп, жалпы дене бетінің шамамен бес пайызы зақымданған.

– Травматологиялық және офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін пациент тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алуға жіберілді, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Ер адам да амбулаториялық ем қабылдайды. Дәрігерлер оның екі көзінің жеңіл дәрежеде күйік алғанын мәлімдеді.

Аталған факті бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.