Павлодарда ардагерлер тәжірибесін барынша пайдалану көзделуде

Павлодарда ардагерлер тәжірибесін барынша пайдалану көзделуде
Фото: автор

Павлодар облысында ардагерлер қозғалысын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ардагерлер кеңесінде 2026–2030 жылдарға арналған ардагерлер қозғалысын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Құжат ардагерлердің әлеуметтік жобаларға қатысуын кеңейтуді, белсенділерді оқытуды және зейнеткерлерді қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуді көздейді.

Тұжырымдаманы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Гүлнәр Исенова таныстырды.

Оның айтуынша, өңірде 672 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олар 125 мыңнан астам адамды біріктіреді. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әлеуметтік жобаларды іске асыру, сарапшылық әлеует пен кәсіби құзыреттілікті арттыру арқылы ардагерлерді қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту.

Әзірлеушілердің мәліметінше, облыста зейнеткерлер саны тұрақты өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында олардың саны шамамен екі мың адамға көбейіп, 127 мыңға жеткен. Соған қарамастан, ардагерлер ұйымдарының жұмысына зейнеткерлердің шамамен 40%-ы ғана белсенді қатысады.

Тұжырымдамада Павлодар қаласында 18 жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келе жатқан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жобасын облыстың барлық қала-аудандарына тарату жоспарланған. Бұл жоба жыл сайын 2,5 мыңнан астам ардагерді қамтиды.

Сонымен қатар құжатта қиын өмірлік жағдайға тап болған ардагерлермен әлеуметтік жұмыстың жүйесін қалыптастыру, ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен белсенділерін заңнамадағы өзгерістер және жобалық басқару бағыттары бойынша тұрақты оқыту, сондай-ақ бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпорын басшыларының тәжірибесін тиімді пайдалану ұсынылған.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кенесбаев ардагерлер ұйымдары мемлекеттік органдардың тұрақты өтініш берушісі емес, серіктесі болуы тиіс екенін айтты.

- Біз – еліміздегі ең белсенді қоғамдық ұйымдардың біріміз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдармен үнемі өтініш айтушы емес, серіктес ретінде жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.

Оның айтуынша, облыстық кеңес бес облыстық басқарманың басшыларымен, облыс әкімінің орынбасарларымен және өңір басшысымен кездесулер өткізіп, бірлескен әлеуметтік жобаларды әзірлеуге кіріскен. Алдағы уақытта Павлодар қаласының тәжірибесін облыстың барлық қала-аудандарына енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын әзірлеу мен іске асыру бойынша оқытудан өтеді.