Павлодарда «Таза аула» қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды
 
                                    Биыл 40-қа жуық өтінім қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Базылова байқау туралы пікір білдірді.
– Жеңімпазды анықтау қиын болған жоқ. Комиссия мүшелері бір апта ішінде барлық аулаларды аралап шықты. Былтырмен салыстырғанда қатысушылар саны артып отыр. Бұл – қала тұрғындарының өз үйлері мен аулаларына деген жауапкершілігі артқанының айғағы, – деді ол.
Бақытгүл Базылованың айтуынша, байқауға көпқабатты үйлердің тұрғындарынан 39 өтінім қабылданды. Комиссия мүшелері қатысушыларды жеті негізгі критерий бойынша бағалады. Олар: аула мен ойын алаңдарының тазалығы мен санитарлық жағдайы, жарықтандыру деңгейі, рұқсатсыз жарнамалардың болмауы, ақпараттық және хабарландыру тақтасының болуы, ауланы көгалдандыру жұмыстары, гүлзарлар мен клумбалардың жағдайы, тұрғындардың өз күшімен жүргізген жөндеу және сырлау жұмыстары мен үйді басқару нысанының тиімділігі.
Қатысушылардың ішінде Катаев көшесі, 87-үйдің тұрғыны Надежда Ходырева бұл баспанада жарты ғасырдан астам уақыт бойы тұратынын айтады.
– Біз бұл үйге 1973 жылы қоныстандық. Осы жылдар ішінде тұрғындармен бірге ауланы көркейтіп, гүлдер мен ағаштар отырғыздық. Қазір ауламыз өте таза әрі жайлы. Мұның бәрі – біздің үйдің белсенділері мен тұрғындарының бірлескен еңбегінің нәтижесі деп санаймын, – дейді ол.
Ал үйдің тағы бір белсенді тұрғыны Галина Бершауер байқауға дайындық барысы туралы әңгімесімен бөлісті.
– Байқау жайлы білген соң бірден қатысуға шешім қабылдадық. Үйіміздің қасбеті сырланды, кіреберіс маңдайшалары жөнделді, жаңа орындықтар орнатылды. Барлық жұмыстар тұрғындардың мақсатты жинағы есебінен атқарылды. Әр көктем мен күзде сенбілік өткіземіз. Алдағы мақсатымыз барлық кіреберістің ішін жөндеп, жаңарту болып отыр, – деп бөлісті ол.
Байқау нәтижесінде үш үй үздік деп танылды: бірінші орынды – Катаев көшесі, 87-үй 70 ұпаймен, екінші орынды – Қамзин көшесі, 130/3 үй 65 ұпаймен ұтса, үшінші орынды – Қамзин көшесі, 72-үй 55 ұпаймен жеңіп алды.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бұл игі бастама қала келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өзара ынтымағы мен жауапкершілігін де арттыра түсті.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
         
    
 
    
 
    
 
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
