Павлодар облысында балабақша кезегі бірыңғай платформаға көшті
Енді тіркеу процесі оңтайландырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде балаларды балабақшаға кезекке қою және қабылдау үшін – Balabaqsha SmartNation ақпараттық жүйесі қайта іске қосылды.
– Бұл жүйе бұрындары да облыс аумағында қолданыста болған еді. Бұған дейін әр қала мен аудан өздеріне ыңғайлы жүйені таңдайтын. Ағымдағы жылдан бастап ақпараттық технологиялар орталығы арнайы байқау өткізіп, жеңімпаз платформаны ортақ жүйе деп белгілейтін болды. Айта кетейік, аталмыш портал ата-аналарға қызметті онлайн алуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Басқарма қызметкерлерінің мәліметінше, өңірде жалпы 388 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 164 балабақша және 224 шағын орталық бар. Қазіргі уақытта аталған ұйымдардың барлығы жаңа жүйеге көшті.
Платформа қайта іске қосылғалы бері ата-аналар тарапынан 844 жаңа өтініш берілген. Сонымен қатар, бұрынғы Indigo жүйесінде кезекте тұрған бес мыңнан астам баланың деректері жаңа порталға көшірілді. Мамандардың айтуынша, балалардың кезектегі реттік нөмірлері толық сақталған.
Жаңа жүйеге көшу қызметтердің ашықтығын арттырып, ата-аналар үшін процесті жеңілдету мақсатында жүзеге асырылуда. Жүйе бойынша толық ақпаратты ата-аналар Balabaqsha.snation.kz сайтынан ала алады. Сұрақтар туындаған жағдайда қала және аудандық білім бөлімдеріне немесе техникалық қолдау қызметіне 8-701-315-72-22 байланыс нөмірі арқылы хабарласу мүмкіндігі ие немесе @SmartNationSupportBot телеграмм ботына жүгіне алады.
Еске сала кетейік, Indigo ақпарат жүйесінде бүлдіршіндерді балабақшаларға тіркеу осы жылдың қаңтар айында уақытша тоқтатылған еді. Бұндай шара конкурстық рәсімдер өткізілуімен байланысты болған.