Павлодар облысының оқушылары жасанды интеллект пәнін оқи бастайды

Павлодар облысының оқушылары жасанды интеллект пәнін оқи бастайды
Фото: Есенжол Исабек

Павлодар облысы Қызылорда облысымен бірге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің пилоттық жобасына қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар облысының бірқатар мектебінде жасанды интеллект пәні оқытыла бастайды. Бұл туралы Павлодар облысы білім беру басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Өтебаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоба аясында 4-сынып оқушыларына арналған жаңа пән енгізіліп, оқушылар жасанды интеллекттің негізгі қағидаларын меңгереді.

– Пилоттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Алғашқы кезеңде жаңа пән бес ауылдық мектепте оқытылады. Аталған мектептердің 4-сынып оқушылары үшін арнайы оқу бағдарламалары мен курстар әзірленді. Жобаға Павлодар ауданындағы Бірлік мектебі, Железин ауданындағы Моисеевка мектебі, Аққулы ауданындағы Тілектес мектебі, сондай-ақ Ақтоғай және Ертіс аудандарындағы мектептер қатысады, – деді Елнар Өтебаев. 

Орталық басшысының айтуынша, пилоттық жобаның нәтижесі оң болған жағдайда, жасанды интеллект пәнін еліміздің барлық өңіріндегі мектептерге кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

– Бірақ, жасанды интеллект барлық мәселені шешетін құрал емес екенін атап өткім келеді. Оны тек мұғалім мен оқушыға материалды тереңірек меңгеруге, оқу процесін жеңілдетуге және уақытты тиімді пайдалануға көмектесетін көмекші құрал ретінде қарастырған жөн, – дейді Елнар Өтебаев.

Сонымен қатар, өңір педагогтары жасанды интеллект технологияларын оқу-тәрбие процесінде белсенді пайдаланып жатыр. Білім беру саласы қызметкерлеріне арналған арнайы лицензиялар беріліп, мұғалімдер құжат әзірлеу, сабақ жоспарларын дайындау, оқу материалдарын толықтыру және визуалды контент жасау жұмыстарында заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін қолдануда.

Маманның сөзінше, жасанды интеллектті дұрыс пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында мұғалімдер мен оқушыларға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік семинарлар ұйымдастырылуда.

– Біздің мақсатымыз – оқушылардың тапсырманы жылдам орындауы емес, олардың білімді терең меңгеруіне жағдай жасау. Жасанды интеллект оқулықтағы материалды толықтырып, жаңа мәліметтер мен қосымша түсініктер алуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Алдағы уақытта жасанды интеллектті қолданудың этикалық қағидаттары түсіндіріліп, ата-аналар мен оқушылар арасында ақпараттық жұмыстар күшейтілмек.